Ардагер

20160715-05-2Қазір «Қазақмыстың» ардагерлер кеңесінде. Зейнеткерлікке шыққасын өндірістен қол үзіп кете алмай, едәуір жүріп қалды. Былтыр бірыңғайланды. Бірақ, өзін әлі күнге балқыманың бір бөлшегіндей сезінеді… Әңгіме бір бөлімшесінің өзі анау-мынау білдей өндірістік буыныңмен шендесетін балқыту цехының ардагері Толқынбек Нұрмағанбетов туралы.

Өмірде жолы болды, балқыту ісінің небір майталманымен бірге еңбек етті. Бойына бай тәжірибе сіңірді. Елемесов Сұлтан ағаны әлі сағынышпен еске алады. Әзірге оның шеберлігіне шақ келетін металлургті кездестірген емес. Жамбыл Ыбыраев, Виталий Ким, Ораз Бекбауов, Владимир Денисов, Борис Деменько ойға оралады. Аға буыннан жұғысты болған жағымды өнеге жеткілікті.

Қашанда жадында жүретін өрендер мыс өндіруге жаратылғандай еді. Олардан инженер ретінде техниканың тілін, басшы ретінде көпшілікпен жұмыс жүргізуді үйренді. Шуақты шақты да, қиын кезеңді де көрді. Тоқыраудың топалаңын, дағдарыстың дүрбелеңін металлург мұқалмас қажыр-қайрат, үздіксіз ізденіспен жеңді.

Тоқаң зауыттағы балқыту цехын өз қолымен қатарға қосқан. Алматы политехникалық институтынан түлеп ұшқан жас маман 1972 жылы жолдамамен Жезқазғанға келгенде мыс қорыту зауыты кезең-кезеңмен пайдалануға беріліп жатқан. Анод бөлімшесі істеп тұрған, конвертер бөлімшесі әлі салынып бітпеген.

Құрылыс алаңындағы қауырт қимылға қосылды да кетті. Осы бір өндірістік буынның қыр-сырын көзбен көріп, көңілге тоқыды. Әр торабын қолмен ұстап, өзіндік ой түйді. Конвертер бөлімшесінің тұсауы кесілгенде қарапайым металлург болып қатарға тұрды. Алғыр да байсалды жігіт бұл саладағы қызметтің барлық сатысынан өтті.

Балқыту ісінің «майын ішкен» майталманға айналған ол қырық жылда қабілеті қаншалықты қарымды екенін көрсетті. Кәсіпорын басшылығы Толқынбекке толық сенді. Себебі, сенімге сызат түсірген сәті жоқ. Өмір дегенің осы. Күні кешегі кестелі көрініс көп күттірмей көмескі тартып, тарихқа айналып жүре береді.

Талайды көрген Тоқаңа да мыс қорыту зауытының өрнекті өткені — ендігі жерде тағлымды тарих. Бұдан былай екі иығынан дем алып, балқыма бабымен піскен алып пештің алдында тұрмасын білсе де, осыған «Тәуба!» дейді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.