Азамат

20160715-05-3Әкесі Нағызхан Қарсақбайда нағыз мақтаулы металлург болды. Қара жұмысқа қара нардай төзімділік танытқан жарықтық зауыттың жабылғанын көрмей, мыс балқыту тоқтағанға алты жыл қалғанда өмірден озды.

Әке кәсібін бала жал­ғастырды. Төрт ұл мыс өн­дірісіне қатысты мамандықты мінсіз меңгерді. Қарсақбайда балқытушы болған Ахметжан қалаған кәсібін Жезқазғанда жалғас­тырды. Әділхан комби­наттың теміржол цехынан табылса, Смағұл мыс ширатпасы зауытына балқытушы болып барды.

Өзі Қарсақбайда орта мектепті бітіргесін еңбек жолын зауыттың теміржол цехында паровоз жөндеуші-слесарьлықтан бастады. Табан аудармай жеті жыл, зауыт жабылғанша істеді. Белсенді болды. Цехтағы комсомол комитетіне жетекшілік жасады. Қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрді.

Зауыт жабылған соң Жезқазғанға қоныс аударды. Мыс қорыту зауытының шихта дайындау цехына кезекші-слесарь болып орналасты. Бес жылдай істеп, біраз көзі қаныққан соң сексенінші жылдардың басында өндірістен қол үзбей жүріп оқып, «газбен-электрмен дәнекерлеуші» мамандығын алды.

Оның бұл тірлігін кейбіреу түсінбеді. Төкенбайдың ішкі өз есебі бар еді. Кезекші-слесарьға дәнекерлеуші қаншалықты қажеттігіне әбден көзі жеткен. Бұрын тораптың бір жері үзілсе, сынса дәнекерлеуші күтіп, есіл уақытты қор қылса, енді Төкенбай-ақ тындыра салатын болды. Сөйтіп, таптырмайтын маманға айналды.

Тоқсаныншы жылдары бәрінен береке кетіп, тоқырау титықтатты. Жарытымсыз жалақыға көңілі толмаған орта буын басшы бірте-бірте кете бастады. Амалсыздан «Өндірістік шебер мектебі» курсын ашып, қатардағы қызметкерден орта буын басшы даярлау қолға алынды.

1996 жылы сол курсты Төкенбай Құрақбаев та бітірді. «Өндірістік шебер-металлург» атанды. Төкеңнің тағы бір тамаша қасиеті — қауіпсіздік техникасын сақтауды қатты қадағалайды. Отыз жыл бір теңге ақы сұрамай-ақ қоғамдық инспекторлықты абыроймен атқарды.

Еңбегі елеусіз қалмады. Қиындық киліккен сонау тоқсаныншы жылдардың басында комбинат басшылығы кенші мен металлургке, байытушы мен басқа да қызметкерге жеңілдік жасап, жарты бағасына «Жигули» алып бергенде, сол темір тұлпардың біреуі Төкеңе тиді. Беделі биікке бұйырды.

Жезқазған мыс қорыту зауытының 40 жылдығы дүркіретіп атап өтілді. Небір жақсы мен жайсаң жиналды. Сол салтанатта оған он металлургтің қатарында «Нива» жеңіл автокөлігінің кілті тапсырылды. Абыройы асқақтаған азамат алды.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.