Елімен етене Елбасы

20160715-04-1Тәуелсіздік туралы әңгіме қозғалса, Елбасы жайлы айтпай кету әсте мүмкін емес. Өйткені, біздің бүгінгі жетістігіміз – Елбасының кешегі ерен еңбектерінің жемісі. Сондықтан, Елбасы мен егемендік егіз ұғым.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойы қарсаңында Тұңғыш Президентіміздің елге, оның ішінде Ұлытау-Жезқазған жұртшылығына жасаған еңселі істері жайлы айтуды жөн көрдім. «Елімен етене Елбасы» деген атпен жарық көретін бұл циклды мақалаларға Елбасының өзім куә болған елге сапарлары арқау болады.

Құлақ күй немесе сөз басы

Биыл еліміздің егемендік алып, дамудың даңғыл жолына түскеніне – 25 жыл толып отыр. Осы ширек ғасыр уақыт ішінде елімізде не бір айтулы оқиғалар болып, «мен» деген мемлекеттердің өзін мойындаттық. Бір кездері Байқоңырды ғана білетін әлемге енді Тәуелсіз Қазақстанның кез-келген түпкірі таныс болды. Аудан, ауылдарға шетелдік компаниялар инвестиция салып, тығыз экономикалық байланысқа келді. Соның бәрі Тұңғыш Президентіміз, Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы…

Жасыратыны жоқ, кешегі он бес республика «Мызғымас Одақтан» бөлініп шыққанда алып мұхиттағы желкенсіз қайық секілді еді. Оңы қайсы, солы қайсы – білмеді. Кім қайда бет аларын таппай дағдарды. Міне, сол алмағайып тұста Елбасының көрегенді көшбасшылығының арқасында біз адаспай жол тауып, бүгінгідей әлем таныған әйбет елге айналдық.

Әрине, бұл айтуға ғана оңай. Ал, сол уақытта қаншама кедергілер, қаншама қиындықтар болғанын аға буын жақсы біледі. Жат жұрттар «бұлар қайтер екен» деп сырттан аңдыса, іштен шыққан шұбар жыландар бұрыш-бұрыштан ысылдап, аяқ басуға кедергі келтірді. Ашық болмаса да әр түрлі арандатушылық әрекеттер жасап бақты.

Кешегі бабадан балаға мирас болып қалған бірлік пен ынтымақтың арқасында ол қиындықтарды жеңдік. Жүзден астам ұлттар мен ұлыстар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды. Біріктік. Аз уақыт ішінде Қазақстан шаңырағын тіктеп, керегесін кеңейтті. «Әлде қандай болады» деп өздерінің тарихи отандарына көшіп кеткен көптеген ұлт өкілдері Қазақстанға қайта оралды. Осылайша Қазақ елі бірлігі жарасқан, ынтымағы мығым мемлекет ретінде дүйім жұртқа үлгі болып отыр…

 

Алғашқы сапар немесе Хан ордасында

Тоқсаныншы жылдардың басы қазақ елі үшін нағыз ақ түйенің қарыны жарылған кезең болды. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданды. Ал, араға бір жыл уақыт салып, яғни, 1991 жылдың 1 желтоқсанында тұңғыш рет жалпыхалықтық дауыс беру жолымен Қазақстан Президентін сайлау рәсімі өткізілді. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 98,76 процент дауыс жинап жеңіске жетті. Осылайша Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті ел тізгінін ұстады.

1993 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытауға келді. Бұл Елбасының Ұлытау-Жезқазған өңіріне Президент ретінде жасаған алғашқы сапары еді. Менің Елбасының ресми сапарларына куә болуым да осы кезеңнен басталды. Ол кезде мен Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» газетінде қызмет ететінмін. Ұлытаудың жұрты тайлы-тұяғы қалмай қазіргі ұлт бірлігі мен тұтастығына арналған монумент қойылған төбеге жиналды. Осы жерде Елбасы елмен жүздесіп, ақжарма тілегін арнаған еді. Өкінішке орай, ол уақытта қазіргідей электрондық жазба құралдардың жоқтығынан Елбасының Ұлытауда сөйлеген сөзін газетте толық бере алмадық.

– Өткенде Ордабасыда бүкіл ха­лықты жинап, үлкен мерейтой өт­кіздік. Әрине, Ұлытаудың орны басқа. Дегенмен, сол кезде қазақ халқының үш дана биі ортақ жауға қарсы тұру үшін елдің басын жинап, бас сардарды сайлап, жауға қарсы қойып, қантөгіс қырғында елдің тәуелсіздігін сақтап қалды. Ал, оның басы осы Ұлытауда басталған болатын. Тарихты жөндеп, бүгін таласып жататын уақыт емес. Оны тарихшылар жөндей берер. Осы күні нешетүрлі әңгімелер айтылып жүр. Әр ауылда, әр облыста өзінің жағдайымен айтады. Ал, ата-бабадан қалған деректер бойынша, ең бірінші қазақтың басы қосылған жері – осы жер. Мұның өзінің тарихи мағынасы бар. Ұлытаудың басына ылғал жиналып, төңірегі көгерген кезде бүкіл қазақ жайлауға келеді екен. Шақырып жатудың ешқандай қажеті жоқ. Өздері жиналады. Осы жерде сол халықтың, әр рудың, әр тайпаның, әр елдің бетке ұстарлары жиналып, өздерінің басшыларын сайлаған. Сондай сайлаудың ең басы ХІ ғасырдың басында осында болған дейді. Халық жиналып, өзінің ханын сайлап, киізге көтерген жері осы жер екен. Сондықтан, біз солай деп есептеуіміз керек.

Қазақтың басы қосылып ел болып отырғаны мың жыл десек, ешқандай қиянаттық болмайды.

Есім ханнан кейінгі деректер бойынша Едігені хан сайлаған – Ұлытау.

Тоқтамысты хан сайлаған да Ұлытау.

Абылайды хан етіп киізге көтерген де Ұлытау.

Бабаларымыздың ойлаған ойы мен арманына әруақыт табынамыз. Сол жолды алға қарай апарамыз. Біздің тарихымыз үзілмейді, алға қарай жалғаса береді, алға жүре береді деп айтқым келіп тұр.

Біз тәуелсіздікті жариялауын жария­ладық. Саяси тәуелсіздігіміз бар. Ал, енді аяғымыздан тік тұрып, нағыз тәуелсіз мемлекет болуға бірталай көмек керек. Бірталай еңбек керек. Асығып, саспау керек. Қазақстан – көпұлтты мем­лекет. Барлық ұлттың өкілдерімен бірге Қазақстан экономикасын көтеріп жатырмыз. Өз халқының өсуі үшін елдің достығы, елдің бірлігі керек. Ел бір болса, ауызбіршілік болса, бүкіл Қазақстанда тұратын барлық ұлттың өкілдері Қазақстанды Отаным деп санайтын болса, елдің іші тыныш болса, сонда жақсы жағдайға қолымыз жетеді.

Қолымызда егемендік тұрғанда, мемлекетіміз тәуелсіз болып тұр­­­­­­ғанда Қазақстанның өзі кеңшілік көрсетіп, Қазақстандағы негізгі ұлт ретінде барлық ұлттарға қамқорлық көрсететін кезі келді. Соның ішінде, ең алдымен, өз халқымыздың – қазақ халқының басы бір болмаса, ешқандай егемендікті біз қолға ұстап тұра алмай­мыз. Сондықтан да, менің та­лай жерде айтып жүрген сөзім бар. Тағы да сіздердің алдарыңызда тұрып, қасиетті, киелі Ұлытаудың ете­гінде тұрып, мына ескерткіш орнататын, елді бірлікке шақыратын құл­­пытастың жанында тұрып айтарым: Біз өткен ғасырдағыдай, оның ар жағындағыдай ру-руға бөлініп, жүз-жүзге бөлініп, әр ауыл өз батырын сайла­­ған пәледен құтылуымыз керек. Елдің басы бірікпесе, быт-шыт болып кетеміз. Онда көлденең көк атты келеді де, басқара береді. Солай болған. Сол саясатты патша үкіметі де, одан кейінгі Кеңес империясы да жүргізген. Бізді жан-жаққа бөліп, әдейі бір-бірімізбен төбелестірді, ұлтымызды әлсіретті. Содан кейін кім басқарғысы келсе, сол басқарды.

Менің замандастарым, үлкен ағалар мен аталар ұрпақты бірлікке, Отанын сүюге, халықты сүюге, халқына аянбай қызмет етуге тәрбиелеуі керек. Ұлт – тек өз басыма, маған ғана керек мәселе емес, халыққа керек, елге, жерге керек.

Осындай ұшан-теңіз даланы, ос­ын­дай кең байлықты ата-бабамыз ат­пен жүріп сақтады. Біз сақтап қа­луы­мыз үшін не істеуіміз керек? Бас бі­рік­тіруіміз керек. Еңбектенуіміз ке­рек, талпынуымыз керек. Жаңа эко­­но­микаға түскен демократиялы мем­­­­лекет болу үшін, дүние жүзіндегі барлық мемлекет бізді сый­лауы үшін, құр­меттеуі үшін, біздің те­ре­земіз солармен тең болуы үшін еңбек ету керек, талпыну керек. Жамандықтан ау­­лақ болу керек. Жақсылыққа ұмтылу ке­­рек. Бір-бірімізге көмектесуіміз керек, – деген еді сол жолы Нұрсұлтан Әбішұлы тебірене тұрып.

… Сол жолы ұлытаулықтар қасиетті жерге келген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты хан ретінде құшақ жая қарсы алды. «Хан ордасы» деп аталатын дала төсіне зәу­лім Хан ордасы тігіліп, Нұрсұлтан Әбіш­­­ұлының иығына оқалы шапан жабылып, асатаяғымен кәдімгідей тақта отырады. Бұл тек Ұлытау ғана жасай алатын, Ұлытау ғана орындайтын ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі салт болатын.

Мемлекет басшысының алғашқы сапары болғандықтан ба, Хан ордасына өтуіміз қиынға соқты. Ол жерге тек тізімге кірген санаулы топ қана баратын болды. Солардың бірі – Сейтжан Өмірбаев аға еді. Кейін біз ол кісінің әңгімесін аузымызды ашып, көзімізді жұмып отырып тыңдадық.

– Хан ордасындағы дайындығымыз­ды Прези­денттің көмекшісі Иманғали Тасмағамбетов бақылады. Аудан әкімі Серік Тілеубайұлы, қайдан алғаны бел­гі­сіз: «Он екі рудан он екі кісі ақ киіз­ді кө­те­руі керек», деп тақ үстіне төсел­ген үл­кен киізді он екі жағынан ұстатты бізге. Бұл істі Аманкелді ауылының әкімі Жақыпбек Дайыровқа тапсырған екен. Аманкелді ауылының үлкені Ахмет Арыстанов Елбасына батасын берді. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, қымыз құйды. Ән шырқалды. Нұрекең де елмен қосылып әуелете ән салды. Керемет бір көрініс болды. Әттең, қазіргі уақыттағыдай бейне жазу құралдары жоқ, бәрі санамызда ғана жазылып қалды, – деген еді Сейітжан аға.

– Ең қызық оқиға Президентке арналып «Дара» жайлауында тігілген ақ орданың жанында болды. Қазір қызық қой, ал, ол кезде бізді естен тандыра жаздады. Түскі ас ішіліп, далаға шыққанымыз сол еді, біреу ерттелген көк атты жетектеп әкелмесі бар ма. Танып тұрмын, Әуезхан Тәпішовтың көк аты. Ұшқыр ат. Қашан көрсең де ауыздығымен алысып жүретін.

Президент атқа мінбекші болды. Сол жақ үзеңгіге аяғын сала бергені сол-ақ еді, аты құрғыр мөңкіді. Жұрт сілтідей тына қалды. Мен Нұрекеңе қарадым. О, құдірет! Не байқады дейсіз бе? Елбасының жүзінде еш қобалжу жоқ. Өзіне бек сенімді. Құдды осы атқа күнде мініп жүрген атбегі секілді. Бір қарасам, Президент қырға қарай шауып бара жатты.

– Біттік! – деді манадан бері қасымда үнсіз тұрған аудан әкімі. – Атқа мінгізу протоколда жоқ. Тек құлап қалмаса екен!

Мына сөзден кейін тіпті зәрем ұшты. Жо-жоқ! Нұрекеңнің астындағы асау жуа­сып қалыпты. Желдіртіп шауып келеді. Жиналған халық ырза болысып, ду қол шапалақтады, – дейді Сейітжан аға Елбасына деген риза көңілмен…

(Жалғасы бар).

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.