Тылда төгілген тер

Соғыс дейтін сұмдықтың қаһармандарының ерліктері тарлан тарихтың бетінде сайрап жатыр. 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысында ерліктің үлгісін көрсеткен батырларымыздың есімі ел есінде. Олар соғыс даласында жүріп, елді жаудан азат ету жолында қан төксе, елде қалған кәрі-құртаң, бала-шаға, келіншектер мен жас қыздар Жеңіс үшін тылда аянбай тер төкті. Солардың қатарында Бәтима Смаилова да бар еді.

Қара шаңырақ Қарсақбайда 1927 жылы туған Бәтима әже 5 жасында «Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын!» деп ұрандатқан солақай саясаттың салқынын да сезінді. Он жасынан бастап еңбектің нанын татты. Теміржол бойында станоктың құлағында ойнады.

Ашаршылықтан әупірімдеп есті жиған елдің еңсесін тіктетпестен 1941 жылы Ұлы Отан соғысының оты бұрқ ете қалды. 18 жасқа толған азаматтар майданға аттанған тұста, елдің шаруашылығы үлкендер мен өрімдей жастардың еншісіне қалды.

Бәтима әже сол кезеңдердегі ел басына түскен ауыртпашылықты бізге былай деп әңгімелеп берді:

– Соғыс басталған жылы небары 14 жастамын. Теміржол бойында істеп жүрген кезім болатын. Майданға Қарсақбайдан іліккен жастардың аналарының зар еңіреп, жерге жатып алып жылағанын көргенде көзіміздің жасына ерік беретінбіз. Ол тұста нанның өзін жұмыстағы үлесімізге қарай алатынбыз. Жұмысты көп істегендер көп алады да, аз істегендерге аз берілетін. Кейде нанның өзі таптырмай қалатын кездер де болды.  Елдегі жастардың бәрі соғысқа аттанды. ФЗО-да оқығандарды үлкен қалаларға оқуға жіберді. Қиындықтың қыспағы қысқанда оқудың да мәні қашып, оқи алмадық. Есесіне ерте еңбекке араластық. Өгізбен жер жыртып, егін салып, шөп шабуға араластық. Сөйтіп жүргенде 1945 жылы соғыстың оты басылып, ер азаматтар елге орала бастады. 1946 жылы Әбіш Смаилов деген жігітпен отау құрып, Қарақұм колхозындағы Ақши деген жерде қой бақтық. Қойды бағудың да машақаты көп болды.

Мынадай техникаларды өңіміз түгілі, түсімізде де көрмейтінбіз. Бәрі де қолмен іске асты. Үкіметтің малынан шығын шығарсақ, сөгіс алатын заман болды. Сол міндеттердің бәрін абыроймен өткердік. 1957 жылы балалар мектеп жасына жеткеннен соң, Қарақұмның өз басына көшіп келдік. Онда мектептің асханасында 1983 жылға дейін аспазшы болып 26 жыл еңбек еттім. 1983 жылы зейнеткерлікке шықтым. Аш та болдық, тоқ та болдық. Бірақ, өмірдің сынағынан  сүрінбей өттік, – дейді Бәтима Смаилова.

Жолдасы Әбіш Қарақұмның айтулы шопаны болды. Бәтима әжей жолдасы екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 6 немере, 7 шөбере сүйіп отырған ана. «Жасы сексен төртке келген анамыз бес уақыт намазын оқып, тігінін тігіп, балаларға үй шаруашылығында көмек қолын созып отырады»,– дейді үлкен қызы Тілеген апай.

Жастайынан еңбекпен шыңдалған әженің омырауында Тыл ардагері медальі мен әр жылдардағы мерекелік медальдар жарқырап тұр.

Бейбіт өмірдің іргесін қалаудағы тыл ардагерлерінің еңбектері ұрпақ санасында мәңгі қалмақ.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.