Алтын көпірге айналуы тиіс

Апта басында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Арман Қожахметов, Нұрлан Әбдіров, Қанат Мусин және «Тұран» университетінің ректоры, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов Ұлытау өңіріне іссапармен келді.

20160715-01-1

Халық қалаулылары өздерінің іссапарын қасиетті Ұлытаудан бастап, кенді қалада жалғастырды. Қалалық әкімдіктің үлкен залында мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысқан жиында құрметті меймандар Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған қоғамдық кеңес жұмысын талқыға салды.

Алқалы жиынды қала басшысы Асқар Ыдырысов ашып, жүргізіп отырды. Алғаш болып сөз алған Н.Әбдіров аймақтағы іссапарларының маңызын түсіндіре келіп, қоғамдық кеңестің негізгі бағыт-бағдарына кеңінен тоқталды.

– Қоғамдық кеңестің атқаратын жұмысы орасан зор. Егер бізде Парламент Үкіметтің шығынға, кіріске қатысты бюджет жоспарын, оның орындалуын талқылайтын болса, қоғамдық кеңестің құзырына да осындай сұрақтар кіреді. Әрине, мемлекеттік парламент пен қоғамдық кеңесті тепе-тең ретінде қарастыруға болмайды. Қоғамдық парламентке жеке институт ретінде баға берген дұрыс. Заңда көрсетілгендей, қоғамдық кеңестің әрбір қабылдаған шешімін қарастыру – биліктің міндеті. Қазірдің өзінде республика бойынша 225 қоғамдық кеңес құрылса, соның ішінде 12 кеңес – орталық деңгейде, 16-сы – облыстардың, Астана, Алматы қалаларының, 197 кеңес – қалалар мен аудандар деңгейінде құрылған. Жалпы, кеңестің негізгі міндеті – халық пен билік арасындағы алтын көпірге айнала отырып, ел, жер мүддесін қорғауға қызмет ету,– деді қоғамдық кеңес туралы Заңның авторларының бірі.

Қарағанды облысында алғаш болып өзінің жұмысын бастаған кенді қаладағы қоғамдық кеңестің төрайымы М.Мәдиева кеңес құрылған алты айдан бергі атқарылған жұмыстарды баяндай келе, еліміздің өзге аймағындағы кеңестермен ашық диалог жүргізіп, тәжірибе алмасу алаңын құру идеясын ортаға салды.

Құрылғанына жүз күн толған Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Р.Алшанов жұмыстың қарқын алып, ширай түсуі үшін кеңестің әрбір мүшесі өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Екі сағатқа созылған жиынды қорытындылаған Нұрлан Мәжитұлы кеңес жұмысына қоғамдық тәртіпті қадағалауда негізгі күшке ие жергілікті полицияны тартып, олардың да қызметін жандандыра түсуге күш салу қажет деген ұсынысын білдірді,

Басқосуда қалалық мәслихаттың депутаты, қаланың Құрметті азаматы Ж.Күнеділов Мәжіліс депутаттарына әуе жол билеттеріндегі бағаның тұрақсыздығы, Қарағанды, Астана, Алматы бағытындағы пойыздарда орындардың тапшылығы, жазғы мезгілде кенді қаланың балалары демалатын сауықтыру лагерьлерінің жайы туралы және Қарағанды-Жезқазған, Қызылорда тасжолдарының алдағы жай-күйі не болмақ деген сауал жолдады.

Депутаттар көтерілген мәселелерге қатысты өз жауаптарын берді.

А.Қожахметов: Қарағанды-Жез­қазған, Қызылорда бағытындағы тасжолдарды күрделі жөндеуден өткізу алдағы екі жылда «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылады.

Н.Әбдіров: Әуе жол билеттерінің бағасын реттеу, пойыздарда орын тапшылығын реттеу үшін жазғы демалыстан оралған соң тасымалдаушы компаниялардың басшыларына депутаттық сауалмен шығып, мәселенің анық-қанығын білуге күш саламыз. Ал, жазғы сауықтыру лагерьлерінің жұмысын ұйымдастыру және оның мәселелерін шешу қоғамдық кеңес пен жергілікті билік тарапынан қолдау табуы тиіс.

Комментарии закрыты.