Әкім Кубогі «Горнякта»

2002 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Сәтбаев қаласы әкімінің Кубогіне арналған шағын футболдан  ІХ-шы қалалық ашық біріншіліктің дүйсенбі күні жабылу салтанаты өтті. Бұл жолы өткен ашық біріншілік ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. Ақпан айында бастауын алған ойынға Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының 28 командалары  қатысты.

Ішінде қара үзіп шыққан командаларды анықтау үшін ақтық ойындар өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды.

Біріншіліктің жабылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Қайрат Шайжанов қатысып, жеңімпаздарды құттықтап, қала әкімінің жүлдесін тапсырды.

Ойын барысында жақсы ойын өрнегін көрсеткен жекелеген ойыншылар номинациялар бойынша марапатталды. «Макс-М» командасының ойыншылары М.Дербесбеков «Үздік қақпашы», В.Серов «Үздік қорғаушы» деп танылса, «Горняк» командасынан Е.Омарбеков «Үздік шабуылшы» атағын еншіледі. «Надежда» командасынан А.Черноков «Үздік бомбардир», «Нефтьпром» командасынан  Д.Осипов «Үздік ойыншы» деп танылды. В.Ерошенко «Ойынның үздік бас төрешісі» атағын алса, «Футболды дамытудағы үлесі үшін» атағын Р.Мазитов қанжығалады.

Ашық біріншіліктің жүлделі ІІІ орны мен 20000 теңге сыйақы  Жезқазғаннан келген  «Надежда» командасында кетсе, ІІ орынның да иегерлері жезқазғандық «Нефтьпром» командасы деп танылып, 30000 теңге сыйақымен марапатталды. Ал, бас жүлденін «Степной» кенішінің «Горняк» командасы иеленіп, қала әкімінің ауыспалы Кубогімен, сондай-ақ 50000 теңге көлемінде сыйақымен марапатталды.

Ұлт денсаулығының басты кепілі саналатын спорттың маңызы қоғамда ерекше. Спорттың қиын да, қызықты түрі футбол ойынына деген қызығушылық жылдан-жылға артпаса, кеміген жоқ. Мұндай ойындар алда да өз жалғасын тапса, майталман футболистердің қатары да көп болмақ.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.