Жүйесіз жиын жұрттың жүйкесін жұқартты

Бұл — бірінші рет емес. Бұған дейін де талай «тұсаукесер» мен «таныстыру» соңы шағыстыру мен шатыстыруға айналып, у-шуға ұласқан. Бірақ, шешілген мәселе жоқ. Қайта уақыт өткен сайын ушығып барады.

Әңгіме жарықпен жарылқаушы «ЖезказганЭнергоСбыт» пен «КазЭнергоЦентр» және екеуін егестіріп қойып, «қызығына» қарап отырған «KazakhmysDistribution» туралы.

Кезекті кездесу дүйсенбіде Абай атындағы №4 мектеп-лицейде өтті. Бұл жолы араағайындық жасаған — кәсіп­керлердің «Атамекен» ұлттық палатасының кеншілер қаласындағы кеңсесі. Тұрғындар төзімін тауысқан «қос квитанцияға» қатысты талқылауда үйреншікті «үштікпен» бірге қоғамдық кеңес пен жергілікті билік өкілі де өз көзқарасын білдірді.

Бірден айтайық, мәселе кімнің сөйлегенінде емес. Аты-жөні мен қызметін айтқаннан ештеңе өзгермейді. Қысқа қайырсақ, электр қуатымен жабдықтайтын екі мекеменің тірлігінде заңға қайшы әрекет байқалмайды. «KazakhmysDistribution» ком­паниясының да уәжі дайын. Сонда кінәлі кім? Тұтынушы! Иә, сауатсыз тұтынушы! Көзі ашығы көзқарасын бірден айқындап алған.

«Шарайна» да бірнеше мәрте жазды: жабдықтаушыны таңдау — тұтынушының еркі. Қызметі көңілден шықпай ма, әлде ақысын қалтаң көтермей ме, бір ай бұрын жазбаша ескерт те, байланысты үз. Сосын қалаған жабдықтаушымен жұмыс жаса. Бітті! Бірақ, кешегі кездесуге келгеннің көпшілігі тұтынушыдан гөрі әлгі екі фирманың «жанкүйеріне» көбірек ұқсады.

Жалпы жабдықтаушының «жасы­рынбақ» ойнауы — жақсылық емес. Сондықтан, жұрттың жүйкесін жұқартатын жүйесіз жиын өткізуден жалықпайтын «үштіктің» өкілі емес, «үш нояны» — қолында мөрі бар бірінші басшысы бас қосып, ортақ мәмілеге келуге тиіс. Ал, осылай кете берсе отпен ойнағанның кері келетіні анық. Олай болса, шындап ойланатын кез келді.

Комментарии закрыты.