«Облыста қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық шаралары қабылдануда»

Алматы қаласында орын алған оқиғаға байланысты еліміздің барлық аймақтарында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты шаралар қабылдау мәселесі бойынша алқалы жиындар өтуде. Сондай бір жиын сәрсенбі күні Сәтбаев қаласында да болып өтті. Оған Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мергенбай Жаппаров пен Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Жалғасбек Жақаев арнайы келіп қатысты.

20160722-01-01

Алқалы жиынды қала әкімі Асқар Ыдырысов ашып, сөз кезегін меймандарға берді. Елбасының тапсырмасына орай елге шыққан күштік құрылым басшылары жергілікті тұрғындармен кездесіп, атқарылған жұмыстары мен қауіпсіздік шараларының қаншалықты деңгейде жасалып жатқандығы жайлы есеп беруде. Кеншілер қаласына келген Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мергенбай Жаппаров та Сәтбаев қаласы активінің алдында есеп беріп, жұмыстың барысымен бөлісті.

Генерал-майор Ақтөбе және Алматы қалаларында орын алған террорлық актілер мен соның салдарынан қыршынынан қиылған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ерліктерін айта келіп, боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Одан әрі мейман Қарағанды облысы мен Сәтбаев қаласындағы құқық қорғау саласының жұмысына қысқаша шолу жасады.Мергенбай Баймендіұлы өз сөзінде кеншілер қаласының құқық қорғау саласында бірқатар ілгерілеушіліктің бар екенін, қылмыстың алдын алу мен оны ашуда жан-жақты жұмыстар жүріп жатқанын тілге тиек етті. Соған қарамастан жұмысты барынша ширату мен елдің сенімін ақтауда тынымсыз істер атқару қажеттігін де алға тартты.

Жиын барысында Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Жалғасбек Жақаев пен Сәтбаев қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы Асхат Дүйсенбеков өз салалары бойынша атқарып жатқан жұмыстарын қысқаша баяндады.

Жиында жұртшылық тарапынан да көптеген сауалдар қойылды. Оның дені құқық қорғау мен қылмыстың алдын алуға негізделді. Меймандар тұрғындардың сұрақтары мен көтерген мәселелеріне барынша байыппен жауап қайтарып, бақылауға алатындарын жеткізді.

Әрине, елімізде болып жатқан теракттар мен оған қарсы сақтық шаралары да жұртшылық назарынан тыс қалған жоқ. Осы орайдағы сұрақтарға жауап берген облыстық ішкі істер департаментінің басшысы жеке құрам қызметінің күшейтілген жүйеге көшірілгенін мәлімдеді.

«Барлық мемлекеттік және стратегиялық нысандар күшейтілген күзетке алынды. Азаматтардың қауіпсіздігін және қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ету үшін жұртшылықтың көп жиналған жерлерінде полиция нарядтарының саны ұлғайтылды. Қарағанды облысында да еліміздің барлық өңірлеріндегідей террорлық қауіптіліктің «сары» деңгейі ұзартылды», – деді мейман.

Комментарии закрыты.