Райымбек АЯШОВ: «Өмірімнің бір белесі»

20160729-05-1Өмірде не болмайды десеңізші?! Бір ұрпақтың тұсында халық қадір тұтатын құндылықтар келесі бір ұрпақтың тұсында ондай қасиетінен айрылып шыға келеді. Адам аяғы баспас қасиетті жерлер бір кездері көрінгеннің сүрлеу жолына айналады. Дегенмен, әр кезеңде басқа түсетін сыннан сүрінбей өтетін, болашаққа жол таба білетін, өзінің қадір-қасиетін сол қалпында ұстап қалатындар да бар. Бұған, өзім бес жыл оқып, диплом алып, маман атануыма негіз болған Қарағанды политехникалық институтының тарихы куә. Биыл Қарағанды облысының құрылғанына 80 жыл, ал, аталмыш білім ошағына 50 жыл толды…

Кезінде халқымыздың талай марқасқа ұлдары оқып, мамандық алған институттың кешегі аумалы-төкпелі тұста да өзінің келбетін жоғалтпай, бүгінгідей торқалы тойға шаңырағының шайқалмай жет­кеніне біз де, оның сонау жетпісінші жылдардығы түлектері де қуанамыз. Осы бір киелі қара шаңырақтың шырағын сөндірмей, оның іргелі білім ұясына айналуы жолында тер төкен жандарға айтар алғысымыз, әрине, шексіз.

1973 жылы Жезқазған өз алдына облыс болып шаңырақ көтергенде осы жерде Қарағанды политехникалық институтының филиалы ашыл­ған еді. Әуелде кешкі бөлім болып жұмыс істеп тұрды да, кейін күндізгі бөлім болып өзгертілді. Оны біреу біледі, біреу білмейді. Мен сол жылы ең алғаш осы киелі шаңырақтың табалдырығын аттаған едім. «Автоколік және автокөлік шаруашылығы» деген факультетке құжат­тарымды тапсырдым. Сынақтан өтіп, бір жылдан астам Жезқазғандағы филиалда оқыдым.

Курс жоғарылаған сайын сабақ та күрделене түседі ғой. Әсіресе, негізгі мамандыққа бейімдейтін сабақтар оқытыла бастаған тұста қажетті көр­некіліктер мен құралдардың тапшылығы сабақтың сапасына да көлеңкесін түсіре бастады. Осыны дер кезінде байқаған институт басшылығы Жез­қазғандағы филиалды Қара­ғандыға көшірді. Кезінде екі топта 50 бала едік, ауысар кезде сол елуден іріктеліп-іріктеліп 25 бала Қарағандыға келдік. Институт басшылығы бізге ерекше қарады. Жатақханамен қамтамасыз етті. Алаңсыз оқып, мамандық алуымызға барлық жағдайды жасады.

Орайы келгенде айта кетейін, Қарағанды политех­никалық институты сол кезде Одақтағы ең алдыңғы қатарлы білім ошақтарының бірі саналатын. Біз оқып жүрген кезде, яғни 1975-76 жылдары институт Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Осы институтта оқып, мамандық алып шыққан мамандарды Кеңес Одағының кез-келген республикасы қолды-аяққа тигізбей алып кететін. Тіпті кейбір шет елдер мен социалистік мемлекеттерден де сұраныстар болатын, бағаланатын. Өйткені, институттың білім беру базасы мықты еді. Сабақтар Қарағандыда оқытылса, тәжі­рибе Ресейдегі іргелі заводтар мен кәсіпорындарда өтетін. Соған сәйкес біздің топ та «УралАЗ»-да тәжі­рибеден өттік. Көліктердің қалай құрастырылатынын, қан­дай тетіктің қай жерде тұратынын көзімізбен көрдік. Тіпті құрастыру процесіне қатыстық. Екі ай тәжірибеде біз екі жыл оқығандай білім алдық. Кейін жұмысқа орналасқанда, басшылық қыз­меттер атқарғанда сол алған тәжірибеміз бізге үлкен көмек болды. Ешкімнің алдында қызарып тұрмадық. Қайта «мен» деген талай білімпаздардың мысын бастық.

«Қызмет бабы» дегеннен шығады, осы институтта оқып жүріп-ақ көлік қозғалысы мен жүк тасымалының және экономика саласының алғашқы сатыларын біліп шықтық. Көлік құрастырылып шыққаннан бастап толықтай есептен шығарылғанға дейін қандай қызметтер атқарып, халыққа қандай пайда әкелуі керек, өзін-өзі қалай ақтауы үшін не істеу қажет дегеннің бәрін оқыдық. Кейін ол біздің жұмысымызда бағдаршам іспетті болды. Мысалы, экономика сабағынан біз «Өзін өзі ақтаудың жеті бабын» білдік. Мұғаліміміз осы жеті бапты білсең экономикаң ақсамайды деп отыратын. Онысы рас болды да. Жездіде автокөлік кәсіпорнын басқарғанда мен сол жеті бапты негізге алдым. Соның нәтижесінде бұған дейін шығынға белшесінен батып келген кәсіпорын облыс емес, республика бойынша алдыңғы қатарға шықты. Бұған сенбеген жоғары жақтағылар комиссия жіберді. Бәрін тексерді. Нәтижесіне таң қалды. Бұл, сол институтта алған білімнің жемісі еді. Мен соны күні бүгінге дейін мақтанышпен айтып отырамын.

Жалғыз экономика емес, «Жол қозғалысын ұйымдастыру» деген сабақ­тан алған білімім арқылы күні бүгінге дейін автокөлік және жол қатынасына қатысты мамандарға, жол полициясы мен жол бө­лімінің қызметкерлеріне ақы­лымды айтып, аялдаманы қай жерге орналастырған, бағдаршамдардың қалай тұрғаны қолайлы болатынын түсіндіріп отырамын. Мұның бәрі институттағы мұғалімдердің берген білі­мінің сапасының жоғары болғандығының жемісі.

Мұғалімдердің мық­ты­лығы, білім сапасының жоғарылығы сол, біз олардың лекцияларын тыңдап отырып-ақ үштік бағалық білім алатынбыз. Мұғалімдердің өзі солай дейтін. Әсіресе, сырттан келген студенттерге «Сендер біздің лекциямызды тыңдап отырып-ақ үштік бағаға жауап беретін боласыңдар. Гәп онда емес, егер мықты маман боламын десеңдер ізденіңдер, талаптаныңдар, оқыңдар. Бұл бір жағынан стипендия алып тұруларыңа да септігін тигізеді», дейтін.

Мұғалімдердің студенттерге деген көзқарасы, қам­қорлығы бөлек болды. Олар қалтаның қамы үшін емес, институттың беделі үшін жұ­мыс істеді. Әрбір студентке жеке-жеке назар аударып отырды. Білімін көтеруге көмектесті. Онысына көктиін ақы сұрамады. Ауылдағы ата-аналарына хабарласып, студенттерінің жағдайымен етене танысты. Сабақта болмай қалу себебін сұрап, біліп отырды. Институттың кешегі оңтайландыру уақытында да оң жолынан жаңылмауы, тұралап қалмауы осындай оң істердің арқасында деп білемін.

Қарағанды политех­ни­ка­лық институты менің екінші үйім іспетті. Жолым түсіп Қарағандыға бара қалсам, міндетті түрде соғып, аралап кетіп тұрамын. Өйткені, бұл білім ошағы менің өмірімнің бір үлкен белесі сияқты. Институтты бітіріп үлкен өмірге жолдама алғаннан соң да мен сол жерден алған білімім мен тәжірибелерім арқасында үлкен кәсіпорындарды бас­қардым. Үлкен сайланбалы орындарда болдым. Қазақ­стан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайлануымның өзі осы институттың берген білімінің нәтижесі деп білем.

Бүгінде өзінің 50 жыл­дығын атап өтетін институттың қабырғасынан мен сияқты жүздеген, мыңдаған студенттер түлеп ұшып, еліміздің гүлденуі мен Тәуелсіздігіміздің нығайуы жолында тер төкті.

Қарағанды политехникалық институты әлі талай жаста­рдың қанатын қатайтып, еліміздің білімді азаматын, білікті маманын даярлап шығарары сөзсіз.

Комментарии закрыты.