Жанайқай жетер ме екен?..

20160729-03-1«Қойшы көп болса, қой арам өледі» дегенді осындайда айтса керек-ті қазекем. Қала тазалығымен айналысатын мекемелердің қатары көбейген сайын тазалық жұмыстары кері кетіп барады.

Оған дәлел жетеді…

Редакцияға күн сайын тұрғындар тарапынан соғылатын қоңыраулардың қатарында қала тазалығына қатысты айтар шағымдар да еселене түсуде.

Жақында Ерден көшесінің бас жағындағы жер үйлердің тұрғындары редакцияға келіп, жол жиегіндегі қоқыс жәшіктерінің айналасында тұрмыстық қалдықтардың тау болып үйіліп жатқандығын алға тартты. Осы арыз-шағымды ести сала айтылған жерге бардық. Шынында да анадайдан мен мұндалап тұрған қоқыс тау болып үйіліп қалыпты. Оған қолқаны қабатын сасық иісті қосыңыз.

Жәшіктің іші тап-таза болғанмен, айналасындағы көрініс міне, мына суреттегідей.

Әрине, біздікі біреуді жамандап, біреуді мақтау емес. Алайда, қоқыс тасымалдаушы мекемелер тарапынан да тұрғындар тарапынан да қаламызға деген жанашырлық болғаны жөн шығар…

Қоқыс алаңынан келіп, жазу үстелімізге отыра бергенде, тағы да қоңырау шыр етті. Тұтқаның арғы жағында біз қаузап отырған мәселені жанайқайындай жеткізген ананың шыр-пыр болған дауысы.

– Міне, жаңа ғана Ерден көшесі 143 үйдің алдындағы қоқыс жәшігін тазартып кетті. Ал, сыртындағысы сол қалпы қалды. «Жігіттер, айналасындағын неге алмадыңдар» дегенім сол еді, «Оны алатын біз емес. Басқа мекеме» деп жауап қатты. Сонда қалай, бір қоқысты тасымалдау үшін бірнеше мекеме қажет пе?

«Мен салар да сен салар, атқа жемді кім салар?» деп жүргенде қала қоқыстың астында қалмаса жарар еді…

Комментарии закрыты.