Ардагерлерге құрмет пен ізет

Отан үшін жан алысып, жан беріскен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне деген құрмет пен ізет Жеңіс күні тіптен нығая түседі.

Қаламыздың орталық алаңында Жеңістің 66 жылдығына орай  өткен салтанатты жиыннан соң, Сәтбаев даңғылынан бастау алған шеру Тәуелсіздік даңғылының бойымен Гурба көшесіне дейін жалғасты. «Қазақмыс» корпорациясының әсем безендірілген 20 автокөлігі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін Даңқ алаңына алып келді. Бұл жерде де олар «Ардагерлер жасасын!»  деп ұрандатқан көпшіліктің құрметіне бөленді. Қала басшылығы, қаланың Құрметті азаматтары мен жұртшылық Жеңіс саябағындағы мәңгілік алауға қарай бет алды. Бұл жерге келген ардагерлер майдан даласында қаза тапқан қарулас достарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Қала әкімі С.Медебаев пен «Қазақмыс» корпорациясы «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің әлеуметтік мәселелер жөніндегі директоры  Т.Тәжбенов бастаған шеруге қатысушылар  мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Бұл жердегі құрметтеу рәсімі аяқталған соң, ардагерлер Даңқ алаңындағы  «Қазақмыс» корпорациясы «Жезқазғантүстімет» ӨБ-не қарасты кеніштер тіккен ақшаңқан киіз үйлердегі мерекелік дастарханнан дәм татты.  Ардагерлерге ақ тілектер айтылып, патриоттық әндер орындалды. «Дала асханасынан» дәм татқан көпшілік те риза болып жатты. «Сатпаевские зори» ардагерлер хоры мен үрмелі аспаптар оркестрі мерекенің көркін қыздыра түсті.

Кең байтақ жерімізде бейбіт аспан астында өмір сүру үшін миллиондаған жас ғұмыр қыршынынан қиылса, миллиондаған өрімдей жастар мүгедек болып қалды. Есесіне елде азаттық орнап, бейбітшілік заманда ғұмыр кешуге нәсіп етті. Сол үшін де, ардагерлер, сіздерге мың тағзым.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.