Төл мерекелерін атап өтті

Өткен сенбіде мыс алыбы – Жезқазған шаһарының жұртшылығы металлургтер мен байытушылардың төл мерекесін атап өтті. Ел ырысын еселеп, экономикалық әл-ауқатының жақсаруына күш салып отырған металлургтер мен байытушылардың қажырлы да бейнетті еңбектеріне құрмет көрсетілді.

Атаулы күні еңбек адамдарының құрметіне арналған салтанатты шаралардың бел ортасында Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдішев бой көрсетті.

20160729-01-1

Ұлы академик Қ.И.Сәтбаевтың тұғырлы ескерткішіне гүл-шоқтарын қоюдан басталған мерекелік шара одан әрі С.Қожамқұлов атындағы театрда жалғасын тапты.

Еңбек озаттарына құрмет пен қошемет көрсетілген салтанатты жиында өңір басшысы Н.Әбдішев сөз алып, Жезқазған металлургтері мен байытушыларының еш алтынмен теңеспес еңбектеріне өзінің алғысын білдіріп, бірқатар майталмандарды облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және ақшалай сыйақымен марапаттады.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқармасының төрағасы Бақтияр Қрықпышев өндірісті өлкенің кемелді келешегі жолында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек ете келіп, мыс өндіру ісінде ұзақ жылдар еңбек еткен бірқатар озаттарға «Kazakhmys Holding» ЖШС директорлар Кеңесі төрағасының Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлығын тапсырды.

Еселі еңбегімен ерекшеленгендер І және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төс белгілерін омырауларына тақты.

Жезқазған жұртшылығы кешкілік «Металлург» стадионында Қазақстан және Ресей эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаны тамашалады.

Комментарии закрыты.