Жастардың сыйы қомақты

Жеңіс күні қарсаңында Даңқ алаңында «Тәуелсіздік ұрпақтары – туған ел үшін» жастардың жобасы аясында «Өз еліме сый» атты марафон-эстафетасы өтті. Іс-шараны ұйымдастырушылар – «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты, қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімі, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі мен «Сәт Сәулет» ЖШС ұжымы.

Марафон-эстафетаның мақсаты – Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеу аясында қаламызды таза, көк желекке оранған, барынша абаттанған қалпында көрсету.

Марафон-эстафетаға қала әкімі С.Медебаев бастаған мемлекеттік мекеме қызметкерлері,  ұстаздар мен оқушылар қатысты.

«Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушысы, жастар мәслихатының депутаты Жандос Қапаров сөз алып, марафон-эстафетаның мақсатын түсіндірді.

Марафон-эстафета аясында кәсіби-техникалық, сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептерде топ құрылып, бекітілген аумақтарда жұмыс атқарады. Осы топтардың арасынан үздіктер анықталып, марапатталады.

Әр апта сайын атқарылған жұмыс қортындысы туралы топ басшылары есеп береді және эстафетаны келесі топқа береді. 7 мамырда бастау алған бұл жұмыс 29 қазанға дейін жалғаспақ.

Қала әкімі С.Медебаев 7-14 мамыр аралығында абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын жүргізетін С.Сейфуллин атындағы гимназияның топ басшысына эстафета жалауын табыстады.

Жеңіс саябағына қала әкімі бастаған топ пен Тәуелсіздік құрдастары 20 қайың отырғызды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.