Көрсеткіш көңілдегідей

Өндіріс көлемін өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43% ұлғайтқан «KAZ Minerals» тобы  биыл алғашқы алты айда 52,6 мың тонна шақпақ мыс шығарды. Бұл жөнінде компанияның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Өсім негізінен Бозшакөл (7,8 мың тонна) мен Ақтоғайда (5,4 мың тонна) жаңа кенішті қатарға қосу есебінен қамтамасыз етілді. Бозшакөлдің күкіртті кенінен алғашқы мыс концентраты биыл ақпанда алынды, ал Ақтоғайдың тотыққан кенін өңдейтін кешен жылдың аяғына дейін жобалық қуатына жетеді.

Есепті кезеңде компания 22,1 миллион тонна кен өндірді. Былтыр бұл көрсеткіш 2,5 миллион тонна болды. Мұндай қарышты қадам жоғарыда аталған қос комбинатта ашық әдіспен кен өндіру көлемі ауқымының күрт артуымен тікелей байланысты. Кендегі металдың орташа үлесі — 0,65%.

Өндіріс ауқымы екінші жартыжылдықта да артады. Өткен жылы 81,1 мың тонна мыс өндірген компания биыл бұл көрсеткішті 130-155 мың тоннаға жеткізуді көздеп отыр.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.