Құрылыс барысы бақылауда

Жуырда кеншілер қаласында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан нысанда арнайы құрылған бақылау комиcсиясы рейд жүргізіп, құрылыстың барысымен танысты…

Елбасы айқындаған Жаңа Эконо­ми­калық Саясат нәтижесінде бекітілген «Нұрлы жол» бағдарламасы жаһандық қатерлерден туындайтын сыртқы фак­торларға қарсы жауап қана емес, ішкі экономикалық өсімді қамтамасыз ететін кешенді шаралар ауқымы болып табылады. Инфрақұрылымды дамытуды өзек еткен бағдарлама елдегі көптеген саланың екінші тынысын ашып отыр. Әсіресе әлеуметтік маңызды деген ны­сан­дарға ерекше «жан» бітірген. Оның айқын дәлелін өз қаламыздан да көріп отырмыз. Бүгінде кеншілер қаласында 600 орындық жаңа мектептің құрылысы осы «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда.

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды да­мытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға Қазақстан Республикасының Ұлттық қо­рынан және жергілікті бюджеттен қы­ру­ар қаржы бөлініп отыр. Қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуы құзыр­лы орындардың қатаң ба­­қы­лауында. Осы мақ­сатта Сәтбаев қалалық мәс­лихатының «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанынан да арнайы комиссия құрылды. Өткен аптада осы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында құрылған комиссия қаланың 6-ықшамауданында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан 600 оқушыға арналған мектеп құрылысында рейд жүргізіп, аталмыш нысанды тексеру барысында туындаған мәселелер мен сұрақтарды талқылау мақсатында отырыс өткізді.

Жалпы, жаңа мектептің құрылысы  2015 жылдың маусым айында басталып, ағымдағы жылдың тамыз айының соңында қолдануға берілуі тиіс. Нысанды салушы бас мердігер «СТРОй-Н» ЖШС. Құрылыс алаңының телім бастығы Жәнібек Маминовтың айтуынша, нысанның құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес, уақытылы, әрі сапалы жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында кедегілер мен қиындық туғызатын жағдайлар жоқ.

Комиссия мүшелері тексеріс барысында мамандарға құрылыс жұмыстарын кестеге сай уақытылы бітіріп, сапасына жіті көңіл аудару керек екенін ескертті.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.