Жалған жауап жарға жығады

Өкінішке орай, осыны ескермейтіндер бар. Олар сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында және басты сот талқылауында көрінеу жалған айғақ беріп,  қылмыстық жауаптылыққа тартуға жол береді.

Көрінеу жалған айғақ берушіден кеншілер қаласы да кенде емес. Оған өткен жылы Сәтбаев қалалық сотында 1 тұлғаға қатысты 1 қылмыстық істің, ал, ағымдағы жылдың 6 айында 5 тұлғаға қатысты 5 қылмыстық істің қаралғаны дәлел. Барлығына сот үкімі шығарылып, тиісті жаза тағайындалды. Оның ішінде 1 тұлға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Нақты мысалға жүгінейік. Сәтбаев қалалық сотында Қылмыстық кодекстің (ҚК — авт.) 191-бап, 2-бөлімі 1-тармағымен сотталушы Е. деген азаматшаны қылмыстық жауаптылықтан құтқаруды көздеген куә Д. деген азаматша  қасақана көрінеу жалған айғақ бергені (ҚК-тің 420-бабы) және  айғақ беруден бас тартқаны (421-бабы) үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатынын біле тұра, өзінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру жауабынан бас тартып, орынсыз өзгертіп, жалған айғақ берген. Бірақ, Д. деген азаматшаның сотта берген жалған жауабын судья ескерусіз қалдырып, Е. деген азаматшаны тиісті жазаға кесті.                 Ал, басты сот талқылауында жалған айғақ берген Д. деген азаматшаға қатысты  судья мемлекеттік айыптаушының қолдауымен ҚК-тің 420-бабына сәйкес қылмыстық жауапқа тарту үшін жеке қаулы шығарды. Оны сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркеп, ҚК-тің 420-бабы, 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданды. Биыл 1 сәуірде Сәтбаев қалалық соты Д. деген азаматшаны ҚК-тің 420-бабы, 2 бөлімі бойынша кінәлі деп тауып, оған 5 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

ҚК-тің 420-бабы, 1-бөлімінде (сотта не сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында куәнің, жәбірленушінің көрінеу жалған айғақтары не сарапшының, маманның қорытындылары, сол сияқты сондай жағдайларда, сондай-ақ, атқарушылық құжаттарды орындау кезінде аудармашы жасаған көрінеу қате аударма) жаза ретінде алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру белгіленген. Ал, ҚК-тің 420-бабы, 2-бөлімінде (сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша не пайдакүнемдiк ниетпен жасалған дәл сол іс-әрекеттер) 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. ҚК-тің 420-бабы қылмыстың ауыр санатына жатады.

Бұл ретте азаматтарға сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында және басты сот талқылауында көрінеу жалған айғақ беру ҚК-тің 420-бабымен қылмыстық жауаптылыққа тартуға негіз болатынын ескерту қажет деп санаймын. Арты өкінішке соқтыратын осындай орынсыз жағдайды болдырмауға жаппай атсалысуымыз керек. Ал, соттылықтың соңы әлгі азаматтың немесе азаматшаның қоғамнан оқшаулануына, жүріп тұру еркіндігінің шектелуіне, оның жақын-туысқаны мемлекеттік қызметке тұрарда белгілі бір кедергіге килігуіне әкеліп соқтырады.

Сондықтан, азаматтар болған қылмыстық іс-әрекет туралы білгені мен көргенін бұрмаламай айтып, шынайы айғақ бергені абзал. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында және басты сот талқылауында айтылған шынайы айғақ жалпы қылмысты жан-жақты және неғұрлым толық ашуға мүмкіндік беретін маңызды дәлелдеме болып табылады және заңды шешім шығаруға ықпал етеді. Ең бастысы, жалған жауап жарға жығатынын ұмытпайық.

М.Әбікенов, қала прокуратурасының  прокуроры,  1- санатты заңгер.

Комментарии закрыты.