Жат ағымға жығылмайық

20160807_02_5Бүгінгі күні халықтың әртүрлі топтары өкілдерінің рухани, соның ішінде діни өмір салтына деген қызығушылығы артуда. Осыған орай, 2011 жылы Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы өз күшіне енді.

Қаламызда қазіргі кезде 8 діни бірлестік жұмыс істейді, олар қолданыстағы Заңның талаптарына сәйкес құқықтық рәсімделуден өтті. Елімізде әртүрлі діндер мен конфессия өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі және өзара тиімді іс-әрекет етуі үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Мұсылмандар, христиандар және басқа діни сенім өкілдері біздің көпконфессиялы және көпұлтты ортақ үйімізде қоян-қолтық араласа өмір сүріп жатыр. Қазақстандағы конфессияаралық қатынастар әлемдегі көптеген елдер үшін үлгі болып отыр.

Дей тұрғанмен, дінмен байланыстының бәрі бірдей оң сипатқа ие бола бермейді. Сондықтан, діннің жағымды жақтарын айтып қана қоймай, әрбір жағдай мен үдеріске әділ көзбен, шыншылдықпен қарап, тиісті бағасын беруіміз керек.

Өкінішке орай, дін рөлінің арта түсуі барысында халықтың діни өмірінің кейбір келеңсіз көріністері ашыла бастағанын айта кеткім келеді. Кейбір дінге сенушілердің қоғам алдындағы конституциялық, азаматтық борышын атқарудан бас тарту оқиғалары көрініс алуда.

Жекелеген субъектілердің дінді саясиландыруға талпынып жүргені де жасырын емес. Бұған Конституция және елдегі заңнама арқылы тыйым салынғанын ерекше атап өтеміз. Елімізге айқын немесе жасырын теріс пиғылды ниеті бар жат діни идеологияның енгені байқалуда. Осының салдарынан дінге сенуші тұрғындардың кейбір бөлігінің қоғамдық қатынастардың қалыптасқан жүйесін қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартып, өктемдік пен радикализмнің шектен шыққан түріне бой алдыруы аса қауіпті болып отыр.

Діни экстремизм мен терроризм радикализмнің кең тараған түрлері болып табылады. Экстремизм мен терроризм идеологтары дінді пайдаланып, діни риториканың ерекше әдістерін қолдана отырып, халықтың белгілі бір топтарының ой-санасына теріс ықпал ете білді. Көп жағдайда әлеуметтік белсенділігімен ерекшеленетін, идеологиялық ықпалға тез түсетін қоғамның ерекше тобы саналатын жастар теріс пиғылды діни насихаттық қызмет үшін ыңғайлы нысанаға айналды. Жас ерекшеліктеріне қарай ізденгіш және білуге құмар болып келетін жастар қылмыс әлемінің, соның ішінде шетелдік және халықаралық субъектілердің тарапынан айлакерлікпен жасалған идеологиялық тұзаққа жиі түсетін болды.

Әлеуметтік және азаматтық тұрғыдан есею шағында жастар көбіне біз үшін жат ықпалды күштердің алдында әлсіздік танытады. Әсіресе, жастар діни экстремизм мен терроризм субъектілері тарапынан жасалған идеологиялық шабуылдардың алдында қорғансыз болып келеді.

Жастарымыздың шет мемлекеттерге теологиялық білім алу үшін шығу үдерісіне мемлекет пен ҚМДБ біртіндеп бақылау жүргізуде. Кейбір мұсылман елдеріндегі діни оқу орындарын тәмамдаған отандастарымыз елге оралған соң исламдағы ханбалит мазхабы іліміне негізделген мәдениетті уағыздауда, бұл жағдай біздің дәстүрлі рухани құндылықтарымызға сәйкес келмейді.

Бұл өз кезегінде дінге сенушілер арасындағы алауыздыққа әкеп соқтырады, өйткені, қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанған діни дәстүрлеріне қайшы келеді, соның салдарынан қоғамдық және діни қауіпсіздікке айтарлықтай зиянын тигізеді. Арабтардың салт-дәстүрлерін дәріптейтіндер қазақ әйелдердің хиджаб киюі міндетті екендігін даурығып дәлелдеуге тырысуда. Ат төбеліндей дүмшелер дүниеден өткен марқұмдарға Құран бағыштау салтын теріске шығарып, құлпытастарды қиратушыларды ақтап алуға тырысуда. Сондай-ақ, олар адасып жүрген бауырларымыздың тарапынан жасалып жатқан мән-мағынасыз лаңкестік әрекеттерді де ақтап алмақшы. Сондықтан, өз елімізде діни білім беру жүйесін дамытуға тиіспіз.

Қазіргі уақытта мемлекеттің құзырлы мекемелері экстремистік ұйымдардың және олардың идеологтарының қызметін айқындап, тыйым салу бағытында ықпалды шаралар қабылдауда. Сонымен бірге бір мезгілде ақпараттық-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізу, әртүрлі діндер өкілдері арасында сұхбат орнату қажет. Рухани-ағарту және тәрбие жұмыстарының сапасын көтеріп, тиімділігін арттыру үшін біз қазақ халқының рухани құндылықтары мен дәстүрлерін, қазіргі жастардың еліктеуіне лайықты қаһарман тұлғаларды көбірек насихаттауға тиіспіз.

Жастарымыздың басым бөлігінің дұрыс тәрбие алғаны және алып жатқандығы белгілі; олар – отансүйгіш патриот, рухани және психологиялық тұрғыдан мықты және салауатты жандар. Елімізде жастардың ізденгіш, арманшыл болмысын өмір шындығымен ұштастыру және олардың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін барлық жағдайлар жасалуда.

Біздің жастар – алғыр, барлық заманауи технологиялық құралдарды меңгеруде, кез-келген басқа елдің жастарымен зияткерлік деңгейі жағынан терезелері тең. Біздің жастарымызға биік рухани-өнегелік қасиеттер тән.

Б.Жайлаубаев,  қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Комментарии закрыты.