Кен керуені кешікпейді

20160807_04_3«Қазақмыстың» қажетін өтеп отырған Жезқазған теміржол кешенінің қызмет аясын белгілі бір бағыт бойынша былай үшке бөлуге болады: — қалалық алаң; — өндірістік алаң; — «Жаман Айбат» жағы. Осыларды қамтитын теміржолдың жалпы ұзындығы — 555 шақырым 400 метр. Онда бір ширегі кем бес жүз бағыттағыш бекет бар. Осының әрбір алтыншысы автоматтандырылған. Қалғанында жұмыс қол күшіне сүйенеді.

Міне, өндірісті өңірге өң берген, шым-шытырығы шаш-етектен осы шаруашылықта бүгінде мың жарымдай адам еңбек етеді. Оның әрбір бесіншісі — қыз-келіншек, жартысына жуығы — жалындаған жас. Әрине, мәселе адам саны мен жынысында, жасы мен жасамысында емес, біліктілігі мен атқаратын жұмыс ауқымында. Ондағы он адамның біреуі — арнаулы орта немесе жоғары білімді инженер-техник қызметкері.

Теміржолшыларға бас тапсырыс беруші — «Қазақмыс». Дәлірек айтсақ, компанияның «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігіне қарасты кәсіпорындары. Кешеннің кезек күттірмейтін міндеті кеніштен байыту фабрикасына кідіріссіз кен тасымалдау мен өндіріске күнделікті қажетті материалды кідіріссіз жеткізіп отыру екені бесенеден белгілі. Кеніштердің ең қашығы — «Жаман-Айбат» жағында жатқан «Жомарт».

Бұл жерде жолшыларға түсетін жауапкершілік жүгі салмақты. Оларға екі дистанция мен механизация және звено құрастыру бөлімінің басшылары, үш аға және он бес қатардағы өндірістік шебер жөн-жоба сілтеп, жөндеу жұмысын жүйелі жүргізуге жұмылдырады. Апаттың алдын алу, поездың кідіріссіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін бақылауға бей-жай қарамай, анықталған ақауды жедел жөндеп, берілген тапсырманы тиянақты тындыруға тырысады.

Жолшылар үшін табиғаттың төрт мезгілі бірдей. Қыстың қақаған аязы мен дүлей бораны, көктемнің лайсаңы мен күздің өкпек желі, жаздың аптапыстығы мен аңызағы оларға кедергі келтіре алмайды. Теміржол табанын кептелген қардан тазарту, әсіресе, бағыттағыш бекетті таза ұстау — поездың тоқтаусыз жүруіне басты кепілдіктің бірі.

Бақылау барысында бүлінген рельсті, бағыттағыш бекеттің қосалқы торабын айырбастайтыны тағы бар. Әсіресе, қатты аязда белдік темірдің бұрандасы морт үзіліп, рельстің арасы ашылып кететіні кездеседі. Сондайда шұғыл шара қолданбаса, апаттың ауылы алыс емес екенін жасырудың жөні жоқ. Мұны жолшылар жақсы түсінеді.

Ал, ми қайнатқан ыстықта босап кеткен шпалды қайта бекіту, шірігенін айырбастау, сынған немесе қажалған рельсті ауыстыру, теміржолдың майысқан тұсын арнайы құралмен стандартқа сай қайтадан қалпына келтіріп шегелеу үшін қажыр-қайратпен қатар, қаншама шыдамдылық қажет?! Мұндай шаруа жолшының көз үйренген кәсібіне айналып кеткен.

Болат жолдың бойында жалпы жеңіл жұмыс жоқ. Дегенмен, тынымсыз тасымалдың тынысы іспеттес локомотив және вагон қызметінің алатын орны айрықша екеніне ешкім таласа қоймас. Кен және халық шаруашылығы жүгін тасымалдайтын локомотив қызметі — теміржол кешенінің өндірістік құрылымындағы негізгі буын. Бастапқы қызметін паровозды пайдаланудан бастаған бұл сала өсіп-өркендеу үстінде. Бүгінде тепловоз түгіл электровозың да теміржол тарланына таңсық емес.

Кезінде локомотив депосында өз ісіне жоғары жауапкершілікпен қарайтын мамандық майталманы — машинист пен олардың көмекшісі тамаша дәстүр қалыптастырды. Жезқазған аймағы мен осы теміржол кешенінде шойынжол шаруашылығының шалқуына қомақты үлес қосқан олардан тәлімді тәрбие алған, өзі де ардагер ізін басып қалған, таңдаған кәсіпке деген адалдықтың тамаша үлгісін талай жылдан бері танытып келе жатқан жақсы мен жайсаң жеткілікті.

Вагон қызметінің басты міндеті — кеніш пен байыту фабрикасын вагонмен қамтамасыз ету. Техникалық ақауды бақылауға және белгіленген кесте бойынша жөндеу жұмысын жүргізуге арналған 2 депо, 5 техникалық тексеру бекеті, вагон жуатын орын және залалсыздандыру стансасы бар. Кен түсірілгеннен кейін барлық вагон міндетті түрде техникалық тексеруден өтеді. Сосын ақаусыз вагон шахта мен карьерге жөнелтіледі. Ақаулы вагонды ағытып алып, тиісті дәрежесіне қарай жөндейтін орны айқындалады.

Жалпы жөндеу жұмысы жоспарлы кесте бойынша жүргізіледі. Ағымдағы жөндеу «Жоғарғы байыту» стансасындағы үш тұйықта жасалады. Теміржол кранымен жабдықталған екеуінде вагонның ауыр торабы айырбасталады немесе жөнделеді. Жүк көтеретін механизмнің қажеті шамалы ағымдағы жөндеу үшіншісінде жүргізіледі. Күрделі жөндеу «Жаңа» және «Солтүстік» депосында атқарылады. Оны сапалы жүргізуге барлық жағдай жасалған, қажетті құрал-сайман жеткілікті. Кез-келген торапты көңілдегідей күрделі жөндеуден өткізуге әбден болады.

Теміржолшылардың темірдей тегеуірінді ұстанымы — жазатайым жағдайға жолықпай жарақатсыз жұмыс істеу. Қауіпсіздік техникасын сақтау мен еңбек қорғауда Елдос Әбікенов тізгінін ұстаған кәсіпкомға қарасты қоғамдық инспекторлар көп күш-жігер жұмсап жүр. Олардың ұсынысына орай туындаған мәселені орайлы шешуге кәсіпорын басшылығы пәрменді ықпал етеді.

Әрине, теміржолшылардың тыныс-тіршілігі мен тындырып жатқан қыруар шаруасы бір-екі мақаланың аясына сыймасы анық. Сондықтан, кәсіби мереке құрметіне жеңіл-желпі шолу жасаумен ғана шектелдік.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.