Қызметі қалтқысыз

20160807_04_2«Қазақмыстың» тасымалдаушы бас мердігері «ВиражСервисКараганда» ЖШС алдымен автокөлік қызметімен айналысады. Жүк пен жолаушы тасымалына басымдық береді. Балансында басқа механизм болғандықтан, техникаға келіп тірелетін қызметтің кез-келген түрін көрсетеді.

Айталық, біздің қаладағы автокөлік және механизм кәсіп­орнында жүк көлігімен қатар, бульдозер және кран кездеседі. Демек, жылжымалы жүк көтеру құрылғысын қажет ететін, төңіректі тазартуды көздеген кез келген тұтынушыға қызмет көрсетуге мүмкіндігі мол.

«Қазақмыстан» түскен тап­сырысқа сәйкес қалааралық, тіпті халықаралық жүк тасымалдаумен шұғылданатын арнайы автокөлік те бар. Олар Қазақстан қалаларына кідіріссіз қатынайды. Жүргізушілер Ресей жағына да жиі шығады. Тіпті Беларуссияға барып қайтатын кезі кездеседі.

Жолда жүк қалдырмауды бұлжымас қағидаға айналдырған автокөлік және механизм кәсіп­орны ұжымының жүргізу­шілері кәсіби мерекесін жоғары жетістікпен қарсы алып отыр. Кәсіпорын басқармасындағы алпыстан астам әкімшілік қыз­меткері мен темір тұлпарды техникалық бабында ұстауға ұмтылған жүзден асып жығылатын басқа да маман жүргізушінің жемісті жұмыс істеуін қамтамасыз етуге жұмылған.

Қазір паркті пайдалану коэф­фициентінің көрсеткіші жаман емес. Автопарктегі әртүрлі көлік құралының орта есеппен үштен екісі күнделікті жұмысқа жегіледі. Түсетін тапсырыстың қалыптасып қалған орайы осылай. Бір колонна жүргізушілері негізінен алыс сапарға шығады. Ал, қалғаны ауыл арасындағы ауқымды шаруаны тындырады.

Оның мамандандырылған біреуі кран сияқты жылжымалы көтеру құралын қамтиды, екіншісі дизельді автокөліктен тұрады. Ал, қауіпті жүкті тасымалдайтыны тағы бар. Оған жанар-жағар май, қопару заты, оттегі, пропан газы, дизель майы секілді қауіпті жүкті діттеген жеріне жеткізу жүктелген. Бұл қандай жауапкершілік талап ететіні айтпаса да түсінікті.

Жолаушы тасымалы – көлік қызметіндегі күрделі құрылым. Өйткені, адамды кешіктірмей дер кезінде жұмысына жеткізу, сосын ауысымнан шыққанын аялдамада көп күттірмей алып қайту – жауапты шаруа. Жылдың қолайсыз кезеңінде жауапкершілік жүгі еселене түседі.

Таңмен таласа тұрып, тіпті түн түндігі түрілмей жатып жұмысқа асығатын, ал, түстен кейін ауысымға келетіні торғайды қалғытып барып үйінің табалдырығын аттайтын мамандық иесі бар. Ол — автокөлік жүргізуші, нақтылай түссек, адамды жұмыс орнына жеткізетін немесе жолаушыға қалтқысыз қызмет көрсететін автобус айдаушы.

Жолаушыға мәдениетті қыз­мет көрсетуді алдына мақсат етіп қойған, «Жезқазғантүстімет» ӨБ жұмысшыларын тасымал­дауды басты міндетіне айнал­дырған, негізгі базасы кеншілер қаласында орналасқан жолаушылар автокөлік кәсіп­орнының ұжымы биыл жап-жақсы жетіс­тікке жетуде. Ондағы жалпы техниканың қарасы үш жүзге жуықтаса, осының үштен екісі — автобус.

Түскен тапсырыстың ауқы­мына қарай күнде екі жүздей автобус жолға шығады. Айына шамамен бір жарым миллиондай жолаушыға қызмет көрсетіледі. Кәсіпорында жарты мыңдай, нақтысы – 477 адам жұмыс істейді. Осының үш жүз отыз үші жүргізуші, қалғаны — мекеме басқармасындағы және техникалық қызметкер. Егер ұжымның бар-жоғын безбендеп, табысын таразыға тартсақ, талай тарланның есімін атап өтуге тура келер еді.

Жолаушылар автокөлік кә­сіп­­орнының ұжымы негізінен «Жез­қазғантүстімет» ӨБ кәсіп­орындарының жұмыс­шысын тасы­­малдайтынын әңгіме барысында айттық. Ауысым басталмас бұрын адамды дер уақытында жұмысына жеткізеді, біткен соң алып қайтады. Жұмысына кешікпеуін, шыққан соң көп күтіп қалмауын қада­ғалайды. Мұның сыртында тасымалдайтын жолаушы тағы бар. Кеншілер қаласынан Жезқазған қалашығына, Весовая мен Крестовский елді мекеніне қаты­найтын – №1, Жезқазған мен Сәтбаев арасындағы – №101, металлургтер қаласының ішіндегі №№2,4,7,12 маршрутта қызмет көрсетеді.

Қосалқы бөлшек-сайман алу­ға, күрделі жөндеу жұмысына бюджеттен қосымша қаржы қара­стыру жолға қойылған. Ин­вес­тициялық бағдарлама аясында кейінгі кезде кезең-кезеңмен жаңа автобус алынды. Осының бәрі кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын нығайтып, жолаушы мен жұмысшыны толассыз тасымалдауға берік негіз қалады.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.