Елімен етене елбасы

20160807_04_1Елбасының елге сапарынан кейін өңір бір серпіліп қалатын. Тың бастамалар көтеріліп, жаңа жобалар жүзеге асып жатты. Ұлытауға сапары кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы елдің тұтастығы мен бірлігіне арнап еңселі ескерт­кіш тұрғызу идеясын қозғаған еді. Сол ескерткіш орнатылатын жерге белгітас та қойдырды. Кейін аталмыш белгі де орнатылып, ел оны «өзіміздің Бәйтерек» деп атап кетті. Осындай ілкімді істердің жүзеге асқанын көрген ел Мемлекет басшысының Ұлытау-Жезқазған өңіріне жиі келгенін қалап тұрды…

Иә, мен Елбасын екінші рет Сәтбаев қаласына келген сапарында көрдім. Сол жылдары кеншілер қаласына қо­ныс аударып, қалалық «Шарайна» га­зетіне қызметке келген едім. Он­да мен Мемлекет басшысының дәл қасында жүріп, суретке түсіріп, елмен әңгімесін тыңдадым. Бұл – 2003 жылдың қоңыр күзі болатын. Қаланың сол кездегі әкімі Қанат Балмағамбетов «Қазақмыс» корпорациясының басшыларына өтінішпен шығып, әбден тозығы жетіп, құлаудың сәл-ақ алдында тұрған қалалық аурухана түбірінен жаңғыртылған кез еді ол. Жаңарған аурухана кешенінің ашылуына Елбасы арнайы келіп қатысты. Заманауи үлгіде жабдықталған перзентханасы, үш қабатты ауруханасы және жеке жұқпалы аурулар ауруханасы бар кешен сол кезде аймақтағы тың орталықтардың бірі болатын…

Елбасының елге сапары жөнінде екі апта бұрын құлақтанған қала жұртшылығы қадірлі қонақты асыға күтулі болатын. Бүгін келеді дегенде тайлы тұяғы қалмай орталық аурухананың алаңына жиналды. Түн ортасы ауа басталған ақ жауын да Елбасы келер кезде басылып, ауаны арнайы тазартқандай болды. Жұртшылықтың назары Жезқазғаннан келер жолда. Сағат тілі 11-ден ауа асыға күткен ардақты мейман, Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мінген кортеж аурухана ауласына келіп кірді.

Тұңғыш Президентімізді Сәтбаев қаласының сол кездегі әкімі Қанат Балмағамбетов, қалалық аурухананың директоры Жомарт Аханов, «Қазақмыс» корпорациясының сол жылдардағы әлеуметтік сала жөніндегі директоры Алияр Жараспаев құрметпен қарсы алды.

– Ал, азаматтар, жұртшылықты көп күттірмейік. Жүре әңгімелесейік, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы қысқаша амандық-саулықтан соң.

– Ауруханаларың әдемі екен. Кім салып берді?

«Үй иесі өзің ғой, өзің таныстыр» дегендей қала әкімі Қанат Сұлтанұлы аурухана директоры Жомарт Ахановқа ишара жасады.

– Нұрсұлтан аға, Сіздің келуіңіз қарсаңында аспаннан нұр жауып тұр еді, лайым қадамыңызға нұр бітсін. Арнайы атбасын бұрып келгеніңізге рахмет.

Ал, ауруханаға келер болсақ, оның алғашқы іргетасы 1959 жылы қаланған болатын. Содан бері тек ағымдағы жөндеу жұмыстарымен ғана келеді. Тек, биыл ғана шындап қолға алынды. Қала әкімі Қанат Сұлтанұлы «Қазақмыс» корпорациясының басшыларына өтінішпен шығып еді. Владимир Сергеевич Ким мен Руслан Борисович Юн өтінішті аяқсыз қалдырмай, көмек қолын созды. Қазір ауруханамыз күрделі жөндеуден өткендей ғана емес, қайта салынып шыққандай кейіпте.

Корпорация тарапынан аурухана жұмысына 3 миллион АҚШ доллары бөлінді. Мұның сыртында 1 миллион долларға шетелдік жаңа жабдықтар алынды.

Қазір аурухана Сәтбаев қаласы мен іргелес жатқан Ұлытау ауданының тұрғындарына көпсалалы қызмет түрлерін көрсетеді. 180 төсектік ауруханада 220 жоғары және арнаулы орта буын медицина мамандары еңбек етеді.

– Емханаларың бар шығар?

– Әлбетте, жұқпалы аурулар, онкология, әйелдердің кеңестік кабинеттері жұмыс істейді.

Осы кезде Елбасы қалалық перзентхананың алдында иін тіресе күтіп тұрған қала тұрғындары өкілдеріне келіп жетті. Жұртшылықпен жылы амандасқан Президент олардың тұрмыс жағдайлары туралы сұрап, бір сәт әңгімелесіп тұрып қалды. Жұртшылық Елбасына алғыстарын айтып, сапарына сәттілік тіледі.

– Мені осылай құшақ жайып қарсы алғандарыңызға рахмет, ағайын. Жағдайларыңыз жаман емес екен. Келешекте мұнан да жақсы болады. Алдағы қараша айынан бастап еңбекақы мен зейнетақы жыл басында уәде еткенімдей, 30 процентке өсірілетін болады. Ауылдың да жағдайын жақсартуға одан әрі жұмыс жасаймыз, – деген еді сол жолы Елбасы халқына. Айтқанындай болды. Елдің жағдайы жылдан жылға жақсарып, кешегі посткеңестік мемлекеттердің алдына шықтық. Бір кезде өзіміз шет елдерден инвесторлар тартсақ, енді өзіміз көрші мемлекеттерге инвестиция салдық. Әрине, мұның бәрі Елбасы келген сапардан кейінгі жылдары болған жағдайлар еді. Ал, сол жолы…

Елімен емен жарқын әңгімеден кейін Елбасы жанында еріп жүрген серіктеріне қарап:

– Перзентханада жас босанып, демалып жатқан ана мен бала бар шығар, мазаларын алмай-ақ қойсақ қайтеді, – деп еді, Жомарт:

– Нұрсұлтан Әбішұлы, бүгін қаламызда мыңыншы сәби өмірге келді, соның туу туралы куәлігін өзіңіз тапсырсаңыз деп едік, – деген өтініш айтты.

– Солай ма, ол өзі шын мыңыншы сәби ме? – деп күле сұрады Нұрсұлтан Әбішұлы.

– Онда аттап кеткенім болмас, баста.

Елбасы әуелі жаңа перзентхананың жекелеген кабинеттерін аралап, ондағы шетелдік аппараттармен танысты. Аурухана директорының сол кездегі орынбасары Бейбіткүл Жараспаева Президентімізге жаңа қондырғылардың артықшылығы мен оның тиімділігі жөнінде әңгімелеп, Елбасының қойған сұрақтарына жауап берді.

Нұрсұлтан Әбішұлы мыңыншы сәби жатқан палатаға қуанышты жүзбен кірді. Келген бойда сәбидің анасына ыстық ілтипатпен құтты болсын айтты.

– Бөпеңнің бауы берік болсын, өмір жасы ұзақ болсын, айналайын, – деді Нұрағаң шынайы қазақы көңілмен.

Осы емен-жарқын сәтті пайдаланған Жомарт:

– Нұрсұлтан аға, қазақта өзіңіздей ел сыйлаған азаматқа баласының аузына түкіртетін де дәстүр бар ғой. Соның ырымын жасасаңыз деген де өтініші бар ата-анасының. Оның үстіне, ата-ана бөпелерінің есімін Сіздің келу құрметіңізге орай Нұрсұлтан деп қойған еді, – деп еді, Нұрағаң қазақтың бұл дәстүрін де аттап өтпеді.

– Бақытты бол, айналайын, – деп, бөбекті анасының қолына ұстатты. Сөйтті де:

– Қане, Жомарт, қаламсабың бар ма, – деді де нәрестенің туу туралы куәлігіне «Бақытты бол! Н.Назарбаев» деп қолтаңба қойып анасына тапсырды. Сол Нұрсұлтан бүгінде зіңгіттей жігіт болды. Ал, сол бір қас-қағымдық сәт оның ата-анасының жүрегінде мәңгі сақталып қалды.

Палатада өткен шағын салтанаттан соң Елбасы перзентхананың фойесінде қойылған аурухананың кешегісі мен бүгінгісін бейнелейтін фотостендті тамашалады. Осы жерде Президент «Қазақмыс» корпорациясының басшылары Владимир Ким мен Руслан Юнға:

– Сендер туралы мына азаматтар жақсы пікір айтып отыр. Мақтауларында шек жоқ. Мен тапсырма бердім, сендер орындадыңдар, рахмет. Халыққа жағдай жасауды еш уақытта естен шығармаңдар, – деді нық дауыспен.

Перзентхананың алдында Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің студенттік кезде бірге оқыған досы, қала тұрғыны Мұзараф Ахановпен құшақтасып амандасып, ескерткішке суретке түсті.

Қала тұрғындары өкілдерімен қатар тұрған Сәтбаев және Жезқазған қалалары мешіттерінің сол жылдардағы имамдары Ардақ Жүгініс пен Талғат қажыны байқап қалған Елбасы арнайы барып амандасып, Оразаға қабыл болсын айтты.

Аурухананы аралау рәсімі өткен соң Нұрсұлтан Әбішұлы жиналған жұртшылықпен жүздесті. Алдыңғы қатарда тұрған ардагер ақсақалдармен қол алып амандасты. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шермұхамбет аға Байбосынов әскери киіммен тұр еді. Қарт майдангердің қолын қысып, хал-жағдайын тәптіштеп сұрады. Осы сәтті қалт жібермей, фотоға түсіріп алған едім. Кейін сол суретім қаланың орталық көшесіндегі билбордқа шығарылды.

Елбасы сыртқа шыққанда Сәтбаев қаласының әкімі Қанат Балмағамбетов пен Ұлытау ауданының сол кездегі әкімі марқұм Баттал Мұқышев және бірнеше басшылар күтіп тұр еді.

– Әкімдер, сендер неғып сырттап тұрсыңдар. Мен бұлай қолдарыңа түсе бермеймін ғой. Керек нәрселеріңді сұрап қалмайсыңдар ма? Әлде сендерде бәрі түгел ме? – деді.

– Кәне, Қанат, сен айтшы, қалаға не қат? – деді сосын топқа қарай жақындап.

Осыны күткен Қанат Сұлтанұлы қала мектептерінде оқу мерзімі үш ауысымнан екенін, мектеп пен балабақшаның жетімсіз болып тұрғанын айтты.

– Нұрсұлтан Әбішұлы, қала халқы жылма-жыл көбейіп келеді. Яғни, балалардың да саны артуда. Қазір қала мектептерінде 16 мыңнан астам бала оқиды. Кейбір мектептерде үш ауысымға дейін бар. Осыған орай тағы бір мектеп салсақ па деп едік. Соған көмек көрсетсеңіз.

– Жақсы. Қанша орындық мектеп пен балабақша керек екенін көрсетіп, құжаттарын дайындап, жібер. Шешеміз, – деп, елді бір қуантқан еді сол жолы Елбасы.

Нұрсұлтан Әбішұлы уәдесінде тұрды. Бірер жыл өткенде қалада жаңа мектептің құрылысы басталды. №16 орта мектеп осылайша өмірге келген еді.

Осы сапарында Ұлытау ауданының әкімі марқұм Баттал Мұқышевты да шақырып алып, бір сәт сұхбат құрды. Өз кезегінде аудан әкімі Елбасына ұлы жердің халқы жолдаған сәлемін жеткізді. Ауыл ахуалының жақсарып келе жатқанын да тілге тиек етті.

Мемлекет басшысы көлігіне қарай аяңдағанда алаңда жиналған жұртшылық «Елбасы жасасын!», «Қазақстан жасасын!» деп айналаны жаңғырта айқайлап, Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты құрметпен шығарып салды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.