Ұлы тұлғаның мұрагері

20160812-04-2Геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қарсақбайдың тумасы, ҚР Жер қойнауының Құрметті барлаушысы, Мейіз Қанышқызы Сәтбаеваның туғанына – 85 жыл.

«Мейіз Қанышқызының жоқтығына сену қиын. Ақжарқын күлімдеп редакцияға кіріп келетін секілді. Сосын әдеттегідей қызыл лентамен буылған қолжазбаларды алдыма қояр еді. Қ.И.Сәтбаевтың 100 жылдығы қарсаңында Мейіз Қанышқызы қолдан келмес іс тындырды. Әрқайсы 450-500 беттен тұратын көптомдықтың алғашқы үш томы өте қысқа мерзімде жарық көрді. Әр томның мұқабасынан бастап корректурасын, фотолар жинақтамасын, алғысөзіне дейін өзі дайындады. Оны ғылымнан басқа ештеңе қызықтырмайтындай көрінетін. Оның киім киісінің өзі ерекше қарапайымдылықтың үлгісі еді» – деп еске алады баспагер Н.Федосенко.

Мейіз Қанышқызының бейнесі жезқазғандықтардың есінде де осылай сақталған болар. Күз, көктемде жеңіл плащ, тоқыма берет, жазда гүлді шыт көйлек, жылы кеудеше, қолында қарапайым полиэтилен пакет, іші толған жаңа кітап, құжаттар – мұражайға базарлық. М.Сәтбаева Жездідегі Мәкен досының мұражайына, Қарсақбайдағы әке шаңырағына 2005 жылға дейін үздіксіз келіп тұрды. Мейіз Қанышқызы әр сапарында көрмелерді жаңа көргендей әсерленіп, ұзағырақ аялдайтын. Ерекше мейірімді, асқан зиялы жанмен бір жүздесудің өзі күн шуағындай әсер ететін біздерге. Оның Қарсақбайға деген сағынышы ешқашан басылған емес. Қарсақбайдың тоғанына бір шомылуды армандап, аңсап келетін.

Ол 1931 жылы Қарсақбай мемлекеттік мыс комбинатының бас геологы Қаныш Сәтбаевтың отбасында дүниеге келді. Анасы Таисия Алексеевна Кошкина геолог-минеролог болатын. Сондықтан, торсық шеке, бұйрабас сүйкімді бүлдіршіннің болашақта кім болатынын жаратушы өзі шешіп қойған. Осындағы орта мектептің екінші класын бітірген жылы Сәтбаевтар отбасы Алматыға қоныс аударды. 1949 жылы орта мектепті үздік бітірген М.Сәтбаеваның ғы­лымның кез-келген саласын таңдауға, Мәскеу мен Ленинградтың маңдайалды оқу орнының бірінде оқуына мүмкіндігі болды. Дегенмен, ұлтжанды, намысқой әке қызының Қазақстанда білім алуын қалады. Мейіз Қанышқызы Қазақ тау-кен металлургия институтының геология факультетін үздік бітірді. Атақты ата-ананың қанатының астында, академияның немесе геология институтының жайлы кабинеттерінің бірінде қағаз қаттап отыра беруіне болатын еді. Бірақ, қанға сіңген тәрбиеден болар, еңбек жолын Түлкібас геологиялық-барлау партиясында қатардағы инженер-геолог болып бастап, өмірінің соңына дейін дала жұмыстарынан қол үзген жоқ. 1958-60 жылдары Оңтүстік Қазақстан кенді аймақтарын кешенді зерттеумен айналысып үлкен тәжірибеден өтеді. Осы жылдары минералогия бағытында өздігінен ізденістермен айналысады. Дала жұмыстарындағы бақылаулары мен зерттеулері кейін геология институтындағы зертханалық тәжірибелерін сәтті жүргізуге негіз қалады. Қ.Сәтбаевтың Үлкен Жезқазған жөніндегі болжамдарын дәлелдеуге та­­бандылық пен кәсіби кө­регендік танытқан бірден-бір ғалым Мейіз Қанышқызы екенін қазір академиялық орта мойындайды.

Жезқазған мысты кентасты қазбаларының пайда болу заңдылықтарын зерттеу және оны кешенді игеру проблемасы М.Сәтбаеваның өмірлік ісіне айналды десе болады. Кен құрамындағы сирек металдарды айыру методологиясы, әсіресе рений элементін рәсуа етуге жол бермеу – геологтың ерекше айналысқан тақырыбы. Жезқазғанның терең горизонттарында 500-800 м тереңдікте танылмаған байлық бар екеніне батыл болжам жасау, шөгінді жыныстардың пайда болу табиғатын тәжірибе жүзінде дәлелдеп шығу – геологиядағы жаңалықпен тең. Бұл салада Мейіз Қанышқызы – даңқты әкесінің көрегендік болжамдарын ілгері дамытқан шәкірт. Қ.И.Сәтбаевтың таңдамалы еңбектерінің 3 томына 1963 жылы геология институтында өткен жиналыстың хаттамасы енгізілген. Академик осы жиында кен құрамынан сирек элементтерді айыру және өндірісте жоғалтуға жол бермеу үшін оларға тапсырма береді. Осы тақырып М.Сәтбаеваның кан­дидаттық жұмысына негіз болды. Кандидаттық диссертациясын 1968 жылы сәтті қорғап, одан кейінгі 20 жыл өмірін Жезқазғанды кешенді зерттеуге арнады. 1987 жылы геология-минералогия ғы­лымдарының докторы атанды. 1967 жылы Қазақстанда минералогия саласын қалыптастырған ғалым Т.А.Кошкина-Сәтбаева өмірден өткен соң әке мұрасын ғылыми жүйелеу, мұра­ға­тын қалыптастыру Мейіз Қаныш­қызының перзенттік парызына айналды. «Үлкен Жезқазған Сәтбаевтар отбасының тұңғыш баласы» деп жазған еді естелігінде М.Сәтбаева. Ұлы тұлға Мәскеудің ауруханасында өткізген соңғы күндерінде (1964 жылғы қаңтар) отбасынан Мейіз Қанышқызы қасында болған. Қаныш аға­мыз Үлкен Жезқазғанның болашағына қатты алаңдаған екен. Әріптестері мен заман­дастарының естеліктерінде айтылғандай, Мейіз Қанышқызы да соңғы ғылыми мақаласында Жезқазғанның қазынасын төк­пей-шашпай игеруді аманат етіпті.

Ү.Қапарова, Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының бөлім меңгерушісі.

Комментарии закрыты.