Құрышқолды нәзік жандар

20160812-04-1Бүгінде Сәтбаев қаласы алып құрылыс алаңына айналды. Шаһардың батыс бөлігінде көпқабатты зәулім ғимараттар бой көтерсе, шығысында заманауи коттедждер сап түзеді. Осының бәрі құрышқолды құрылысшылардың ерен еңбегінің арқасында жүзеге асырылуда. Мәселен, шығыс аймаққа шырай берген коттедждер қалашығындағы құрылыс-жөндеу жұмыстарын «Мехстрой-Сервис» ЖШС-не қарасты құрылысшылар жүзеге асырып келеді. Осылайша, олар өздерінің төл мерекелеріне мол табыспен келіп отыр.

Қазіргі таңда құрылыс алаңында монтажшы, электр және газбен дәнекерлеуші, сылақшы-сыршы, ағаш шебері, тас қалаушы, бетоншы, инженер-техник мамандары сапалы құрылыстардың басы-қасында жүр.

Құрылыс шебері Наталия Раецкаяның жетекшілігіндегі №3 учаскенің құрылысшылар қатарында нәзік жандылардың да үлес салмағы басым.

Кәсібіне адалдық танытқан мұндағы әрбір жұмыскер өз ісінің шеберлері. Солардың қатарыңда сылақшы-сырлаушы Гүлнар Жұмағұлова мен Гүлмира Тілеубаева көш бастап тұр.

Гүлмира Тілеубаеваның бұл салаға келгеніне он алты жылдың жүзі болыпты. Бұрынғы №108 кәсіптік-техникалық училищені сылақшы мамандығы бойынша тәмамдаған бетте кеншілер қалашығындағы үй құрылысы комбинатында, кейін «Қазмысқұрылыс» трестінде еңбек етті.

– Ең алғаш еңбек жолымды бастағанда біздің құрылыс бригадасы «ленинградтық» аталып кеткен көпқабатты үйлердің құрылысын салу үдерісіне дөп түскен болатын. Бұл құрылыс жобасы менің осы саладағы алғаш тұсауымды кесті десем қателеспеймін. Мұндай құрылыс жұмыстарының қатары кейін ұлғая түсті. Сол кездегі құрылыс тресінің жұмыс ауқымы кең болатын. Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарда біздің қолтаңбамыздың қалғанын мақтан етеміз, – дейді Гүлмира Алпысбайқызы

Ақтөбе қаласынан 1979 жылы қоныс аударған Гүлнар Жұмағұлова да «Қазмысқұрылыс» трестінен еңбек жолын бастаған.

Содан бері арада 35 жыл өтіпті. Гүлнар Ораққызы бүгінде құрылыс саласына келген талай жастың томағасын сыпырып, оларды мамандықтың қыр-сырына баулуда.

– Заманауи жаңалықтар құрылыс саласын да айналып өтпеді. Байырғы ауыр бейнетпен атқарылатын жұмыстарды жүзеге асыру жаңа технологияларға негізделді. Біздің құрылысшылар өз білімдерін үнемі жетілдіріп отырады. Құрылыс алаңындағы ұжымдастарыммен бірге әрісі Қарағанды, берісі Ұлытау төңірегіндегі бірнеше нысандарда құрылыс жұмыстарын жүргіздік. Өзіміздің кенді қалада екі-үш жылдың көлемінде қарқынды құрылыс жүріп жатыр. Қаланың шығыс бөлігіндегі 24 коттедждің бой көтеріп, халық игілігіне берілуінде біздің ұжымның бейнетті еңбегі бар, – дейді үздік сылақшы Гүлнар апай.

Маңдай тер, адал еңбекпен ел құрметіне кенеліп жүрген осындай құрышқолды нәзік жандылардың іс-тәжірибесі көпке үлгі.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.