Өмір сыйлап кету үшін баршаға, Қыршынынан қиылды жас қаншама

Олар бізге өмір сыйлады. Сондықтан да біз оларға бас иіп, тағзым етеміз. Содан бері, міне, 66 жыл өтсе де, ел тағдырына қайғылы із қалдырған сол бір сұрапыл жылдар  халықтың санасында мәңгілік сақталып қалады. Төрт жыл қардай жауған оқ астында батырлық танытып, ерлікпен күрескен ержүрек ағаларымыздың да есімдері тарихта алтын әріппен жазылып қалатындығы сөзсіз. Бейбіт өмір тарту еткен ардагер ата-апаларымызға қанша құрмет көрсетсек те артық емес. Біз есімдері тарих беттерінде алтын әріптермен жазылған ағаларымыздың алдында қарыздармыз. Ұлы жеңістің 66 жылдығы қарсаңында батырдың есімін ұрпақ есіне мәңгі қалдыру шараларын өткізіп, есімін көшеге беру, мүсінін орнату – кейінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Бүгінгі жер басып, тіршілік етіп жүрген адамзаттың бейбіт өмірін қамтамасыз етіп, өздері құрбан болған боздақтар ерлігі ұрпақтар есінде мәңгілік қалуы шарт. Уақыт ілгері жылжып өткен сайын тарих беттері де алыстай береді. Бірақ олардың ерліктері ұрпақтардың есінде мәңгі сақталады.

«Наурыз» мейрамханасының әсем безендірілген залында жыл сайынғы әдетпен Ұлы Жеңіс күніне орай дастархан жайылды. Мерекеге арналған салтанатқа Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен қатар, тыл еңбеккерлері, Ауған соғысының интернационалист-жауынгерлері, Чернобыль апатына қатысқандар мен қаланың Құрметті азаматтары шақырылды.

Қонақтар алдында Сәтбаев қаласының әкімі С.Т.Медебаев, қалалық мәслихаттың хатшысы С.С.Имамбай, «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі директоры Т.Ә.Тәжбенов, қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы М.А.Аханов, соғыс және тыл ардагерлері Кеңесінің төрағасы Ш.Байбосынов,  жауынгер-интернационалист С.Қайрамбеков және Чернобыль апатына қатысқан Н.Алмахов шығып, құттықтауларын жеткізді.

–    Қадірменді ардагер ағалар, қымбатты қонақтар! Қанқұйлы майданда жанын шүберекке түйіп, қолына қару алып, елінің елдігі, халқының тыныштығы үшін күрескен, болашақтың бейбіт туын тіккен, бүгінгі бейбіт өмір мен бақытты күндерді бізге тарту еткендеріңіз үшін біз, кейінгі ұрпақ, сіздердің алдарыңызда қарыздармыз, ерліктеріңізге бас иеміз. Әлі талай Жеңіс күнін бірге тойлауға жазсын деп тілеймін. Денсаулықтарыңыз мықты болсын, – деген жүректен шыққан ыстық лебізін айтты Советбек Тұрсынұлы.

Ұлы Отан соғысының ардагері Акбар Аманжоловтың мандолиннің сүйемелдеуімен айтқан соғыс жылдарындағы және бейбіт өмірдегі әндері көпшілікті таң қалдырды.

Кеш барысында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен балалар өнер мектебінің өнерпаздары ардагерлерге өз ән-шашуларын арнады. Сонымен қатар «Сатпаевские зори» хор ұжымы, А.Сейтенова, Д.Садырбекова және т.б. қаламыздың әншілері де қонақтарды өз өнерлерімен тәнті етті.

Дастархан басындағы кездесудің соңында барлық соғыс ардагерлеріне әкімнің Құрмет грамотасы мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.