Мәмілеге қашан келеді?!

Дауы басылмай, тұрғындардың басын қатырып, әуре-сарсаңға салып қойған электр энергиясымен жабдықтаушы екі компанияның жыры таусылмай-ақ қойды. Бұл жолы мәселенің түйткілін анықтап, энергетика нарығындағы жабдықтаушылар мен тұтынушыларды бір мәмілеге келтіруді «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы қолға алды.

Қалалық әкімдіктің мәжіліс залында өткен жиынға «Жезказганэнергосбыт», «Казэнергоцентр», «Қазақмыс дистрибьюшн» компанияларының, жергілікті биліктің өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, партия мүшелері, қала тұрғындары шақырылды.
Басқосуды жүргізіп отырған «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев Мұратбаев көшесіндегі партия ғимаратына қала тұрғындарының екі компанияның іс-қимылына байланысты арыз-шағыммен көп келетінін тілге тиек етіп, тұтынушыларға екі түбіртек тарату, компаниялардың абоненттік бөлімшелеріндегі қызметкерлердің осы өзекті мәселеге көзқарасы жайында әңгіме өрбітуге шақырды.

Біздің қалада осы екі компания өкілдері және тұрғындардың қатысуымен бірнеше жиындар өтті. Бірақ, сол басқосулардан ешқандай оң нәтиже шығып жатқан жоқ. Сол баяғы айқай-шу, бір-бірін айыптау, қорытындысында жиналған халық шаршап-шалдығып, дел-сал болып тарқасады. Бұл жолы да солай болды: «қошқарлар» сүзісті, «шыбындар» шырылдады.

Шілде айында №4 мектеп-лицейде болған жиында ақылға қонымды бір ұсыныс айтылған еді: «тұрғындарды жинап, бастарын қатыра бермей, энергетика нарығындағы үш «ойыншы» – «Жезказганэнергосбыт», «Казэнергоцентр», «Қазақмыс дистрибьюшн» басшылары өздері бас қосып, ортақ мәмілеге келсін, келе алмаса, мәселелерін сот арқылы шешсін».

Сондай ұсынысты «Нұр Отан» ұйымдастырған жиында да қаланың Құрметті азаматы Мағзұм Қожахметов айтты. Тіпті, Электр желілері кәсіпорны директоры Виктор Сотников «Нұр Отан» партиясы мұрындық болып, үш компания басшыларын жинаса, ондай іскерлік басқосуға даяр екенін де білдірді.

Жиында Сәтбаев қаласының прокуроры Жанқозы Нақышев халықтың хал-ахуалына қатысты мұндай мәселені байыппен, заң актілері шеңберінде шешу керектігін айта келе, заңның орындалуын бақылайтын органның басшысы ретінде құзырлы орындарға сұраныс жасағанын және бұл өзекті мәселені бақылауда ұстап, қалалық прокуратура тұжырымдамасын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайтын жеткізді.

Осының бәрінен оң қорытынды шықса дұрыс қой. Әртүрлі деңгейдегі сот орындарының, өкілетті орган – монополияға қар­сы органның шешімдерін өз қалауынша қабылдайтын компанияларға сенуден қалдық. Сонда, олардан не үміт, не қайыр?!

Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.