АТА ЗАҢЫМ — АЙБАРЫМ

Конституция — кез-келген тәуелсіз мемлекеттің құқықтық темірқазығы. Кiрiспе, 9 бөлiм, 98 бап, көптеген тармақ пен тармақшадан тұратын сондай құнды құжат 1995 жылы 30 тамызда қазақстандықтардың да қолына тиді. Бірден айтайын, бұл — біздің төртінші Ата Заң (1937, 1978, 1993 ж.ж.). Өлшеулі уақыт, табанды талап, шығармашылық әрі ілкімді іс-әрекеттің арқасында оны референдум (бүкiлхалықтық дауыс беру) өткiзу жолымен қабылдадық. Қазақстанның демократиялы, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет екенін бүкіл әлемге паш еттік.

Ата Заң тәуелсіз мемле­кеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Онда белгіленген тиянақты тұжырым мен келісті қағида өмірдің барлық саласын өркениетті үрдіс үлгісінде басқаруға жағдай жасап отыр.

Ата Заңды ауызға алғанда, алдымен кейiнгi екеуінің ілгерідегі екеуiнен елеулi айырмашылығын айтқан абзал. Кейінгі екеуі тұңғыш рет мемлекеттік тәуелсiздiктi, егемендiктi және Қазақстан халқының толық билiгiн бекiтiп, одан әрi орнықтырды. Азаматтың құқы мен бостандығы, жеке адамның жан-жақты еркiндiгi, сөз бостандығы, саяси партия мен бұқаралық қозғалыс бiрлестiгiн құру қарекеті, халық билiгiн жүзеге асыратын демократиялық тетік, экономикалық қатынастың қызметi әлемдiк талапқа сәйкестендiрiлді. Оның өлшемі мен сипаты ұзақ мерзімге бейiмделiп, тұжырымдалды.

Кіріспесі: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы,..» деп басталады. Бұл саяси және идеологиялық тұрғыдан алғанда аса маңызды. Мағынасының тамыры тереңде жатыр. Себебі, Қазақстан халқының тарихи тағдыры әр кезеңде әрқилы қоныс аударған көптеген ұлт өкілінің ұзақ уақыт қатар өмір сүруі нәтижесінде қалыптасты. Олардың ұр­пағы Қазақстанда болған саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени оқиғаның куәгері ғана емес, тікелей қатысушысы да болды.

Ата Заң елде демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың конституциялық негiзiн қалады. Ең қымбат қазына ретiнде адамды және оның өмiрiн қорғау, құқығы мен бостандығын бекiту, елде және бірнеше мемлекет арасында бейбiтшiлiктi, ынтымақтастық пен тату қарым-қатынас жасауды орнықтыру, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттік бiрлiк пен тәуелсiздiкті сақтау сияқты негізгі мақсат көрініс тапты. Осыған орай, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықтың, халық игiлiгiн көздейтiн эконономикалық дамудың, отансүйгіштіктің, мемлекет өмiрiндегі аса маңызды мәселені демократиялық жолмен шешудің түбегейлi қағидасы айқындалды.
Негiзгi бөлiгiнде (I-VIII) мемлекет пен жеке адамның және азаматтық қоғамның қарым-қатынасынан туын­дайтын негiзгi қа­ғида (халықтың толық билiгi, аумақ тұтастығы, пiкiр еркiндiгi, Ата Заң артықшылығы, адам құқы мен бостандығының мемлекет мүддесiнен басымдығы, азаматтың мiндетi, т.б.), конституциялық құрылыстың сапалық сипаты, мемлекеттік басқару жүйесi (Президент, Парламент, Үкiмет, Конституциялық Кеңес, сот пен сот төрелiгi, жергiлiктi мемлекеттік басқару және өзiн-өзi басқару) мен мәртебесi көрініс тапты. Қорытынды және қосымша ереже берілген соңғы (IХ) бөлiмде Ата Заңға өзгерiс пен толықтыру енгiзу тәртiбi, конституциялық заң мен өзге де заңды қабылдау рәсiмi тұжырымдалды.

Біздегі бiртұтас мемлекеттік билiк Заң шығарушы, Атқарушы және Сот болып үш тармаққа бөлiнеді. Олардың аражігі ажыратылып, әрқайсының конституциялық өкілеттігі айқындалған. Бір-бірінің ісіне қол сұқпайды, әрқайсы өз құзырына сай қызмет көрсетеді. Мұндағы мақсат — біржақты билікті болдырмау.

Гректің «демократия» деген сөзі, қазақша «халық билігі» деген мағына береді. Бізде мемлекеттік билiктiң бiрден-бiр бастауы — халық. Ол «…билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ, өз билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттiк органдарға бередi… Халық пен мемлекет атынан билiк жүргiзуге Республика Президентiнiң, сондай-ақ, өзiнiң конституциялық өкiлеттiгi шегiнде Парламенттiң құқығы бар» (3-бап).

Қазақстан халқы — егемендіктің егесі, елдегі мемлекеттік биліктің жалғыз қайнар көзі. Республикада қазақтан басқа өзге де көптеген ұлт өкілі тұратынын жоғарыда айттық. Сондықтан, қазақ халқы құқықтық мемлекет құру, қоғамдық өмірді демократияландыру барысында өз қамын күйттеумен қатар, жалпыұлттық келісім мен ынтымақты ойлауға, жас мемлекеттің тыныштығы мен оны одан әрі нығайтуға жауапты.
Сонда ғана Қазақстан әлемдік қауымдастықта лайықты өз орнын табады. Әрине, кейбір жағдайда жергілікті ұлт – қазақтың мүддесі ерекше ескерілуі керек. Бұған ұлттық мәдениетті, тілді өркендету, қазақ диаспорасының рухани-мәдени және басқа да байланысын қалпына келтіру, оның өз Отанына қайтып оралуына қолайлы жағдай туғызу жатады.

Демократиялық принцип көрініс тапқан «Адам және азамат» (II) бөлiмінде адам мәртебесi, жеке бас құндылығы ашып көрсетiлген. Анадан азат болып туған адам кәмелеттік жасқа толып, азаматтық алғаннан кейін тиісті құқыққа ие болып, белгілі бір міндетті қоса атқарады. Азаматтың құқы мен міндетін сөз еткенде, екі мәселені ерекше атап өткен жөн. Біріншісі — Отан қорғау, екіншісі — заңды түрде белгіленген салық, алым және өзге де міндетті төлем. Құқықты көбірек білейік, бірақ, борыш пен міндетті де ұмытпайық. Әртүрлі амал-айламен заңды айналып өтуге тырысу — өркениетті елдің мәдениетіне жат.

Конституцияда адамды қастерлеуге, құрметтеуге, адамгершілік қасиетіне ерекше маңыз берілген. Әркімнің жеке бас бостандығы заң жүзінде қорғалған. Адамның жеке басының қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Ар-ождан бостандығына заң жүзінде толық кепілдік берілген. Конституцияның 19-бабында «Әркімнің өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы» деп жазылған.

Азаматтың заңды түрде алған мүлкін жекеменшігінде ұстауына, оны мұраға қалдыруына конституциялық кепілдік берілген. Жеке адамның құқы мен бостандығы халықаралық деңгейде мойындалған құқықтың қағидасы мен қалыбына қабыстырылған. Оның мемлекет мүддесiнен жоғары қойылуы — Ата Заңның басты ұстанымы. Саяси бостандыққа кең кепілдік берілген. Ол Конституция шеңберінде емін-еркін өмір сүріп, қызмет етеді. Оған ешқандай қысым жасалмайды.

«Қазақстан Республикасы — президенттiк басқару нысанындағы бiртұтас мемлекет» (2-бап, 1-тармақ). Мұның мәнi мынада: бiрiншiден, Президент мемлекеттік билiк тармағынан тыс тұрады; екiншiден, Президенттi халық сайлайды және Парламентке тәуелсiз; үшiншiден, Президентке кең өкiлеттiк берiледi және ол Конституцияға сәйкес мемлекеттік билiктiң барлық тармағына, олардың өз өкiлеттiгiн тиiмдi жүргiзуiне көмектеседi, өзара қарым-қатынасына пәрменді ықпал ете алады; төртiншiден, ұлан-байтақ қазақ жерi ұлттық-аумақтық бөлiнiске бөлшектенбей, тек әкiмшілік-аумақтық бөлiнiске — облысқа, қалаға, ауданға, ауылға — бөлiнедi және жоғарыдағы бiр орталыққа бағынады. Демек, мемлекетке заңды түрде халық сайлаған Президент бірегей басшылық жасап, елдегi саяси тұрақтылықты және қоғамдық келiсiмдi қамтамасыз етедi.

«Президент» (III) бөлiмінде мемлекет басшысының мәртебесi толық сипатталған. Мемлекеттің саяси жүйесі нақты көрініс тауып, негізгі тұғыры — президенттік басқару алғаш рет заңдастырылған, Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы мемлекет екені айтылған. Президентке елдің ішкі және сыртқы саясатын анықтау міндеттелген. Ол мемлекеттік биліктің барлық тармағы үйлесімді жұмыс істеуін және халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Президент мемлекеттік биліктің дұрыс жүргізілуінің кепілі болып табылады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ата Заңда көрсетілген конституциялық ауқымда жемісті жұмыс жүргізіп отырғанына беріде — бүкіл ел, әріде — әлем куә. Елдегі саяси тұрақтылық, дағдарыстан туындаған қиындыққа қарамастан, макроэкономикалық дең­гейдегі ілгерілеу, отандық өнеркәсіпті өркендетуге шетелдік инвестицияны көптеп тарту, табиғи шикізат көзі мен жерасты байлығын экономиканы нығайтуға тиімді пайдалану, алыс-жақын шетелмен байыпты берік байланыс орнату, елдегі ұлт пен ұлыстың тату-тәтті тірлігін қамтамасыз ету және басқа сан-салалы қызметі құптарлық.
Басқа мемлекеттік органның құрылуы мен қызметi де (IV-VIII) Ата Заңда айқын көрсетiлген. Жаңа Конституция елімізде тұрақты жұмыс істейтін екі палаталы Парламентті заңдастырды, оның жаңа демократиялық сипатта дамуына конституциялық негіз қалады. Ол — республиканың заң шығарушы ең жоғарғы өкілетті органы. Негізгі міндеті — саясатқа салынбай, экономикалық және демократиялық реформаны жеделдетуге қажетті заң қабылдау.

Парламент Елбасының ұсынысымен Конституцияға өзгерту мен толықтыру енгізеді, республикалық бюджетті және Есеп комитетінің есебін бекітеді. Үкімет басшысының бағдарламасын тыңдап, оны мақұлдайды немесе қабылдамайды. Соғыс және бітім мәселесін шешеді. Республиканың халықаралық шартын бекітеді және күшін жояды. Ата Заңда Парламент депутатының құқы мен міндеті нақты көрсетілген. Конституция аясында жемісті жұмыс істеуіне толық негіз бар.

Үкімет Конституция белгілеген өкілеттік негізінде экономикалық-әлеуметтік дамудың барысына басшылық жасап, ұйымдастыруға жауапты. Елбасыға есеп береді, оның үнемі бақылау-назарында болады. Бюджет жүйесі жөнінде Парламентке тікелей тәуелді. Ал, биліктің үшінші тармағы — сот жүйесіне Конституцияда ерекше маңыз берілген. Елде құқықтық реформа жүзеге асырылуда. Жаңа Конституцияға негізделіп қайта жасалған «Азаматтық кодекс» пен «Қылмыстық іс кодексінің» қабылдануын айрықша атап айтқан жөн.
Мемлекеттің республика деңгейінде ғана емес, жергілікті жердегі басқаруы мен өзін-өзі басқару тәртібі де Конституцияда дербес дараланған. Облыс пен ауданда, қала мен селода мемлекеттік басқаруды — мәслихат, сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
Жаңа Конституцияның тағы бір басты артықшылығы – меншік түрінің әралуандығы заң жүзінде бекітілді, оның қызмет аясы мен мақсаты айқындалды. Меншік атаулы қоғам игілігіне ғана жұмсалып, адамзат мүддесіне қарсы қызмет етпеуге тиіс. Жекеменшік сонда ғана мемлекеттік меншікпен қатар заңмен қорғалады, меншік иесінің қауіпсіздігіне кепілдік беріледі. Бұл нарықтық қатынастың тұрақты дамуына, экономикалық реформаның алға жылжуына сенімді конституциялық негіз болады.

«Қорытынды және қосымша ережелер» (IХ) бөлiмінде жаңа Ата Заңның күшiне ену нормасы бекiтiлген, бұрынғы қолданылып келген заңды одан әрi қолдану тәртiбi айқындалған. Мемлекеттік органның актiсi, барлық заң ҚР Конституциясы негiзiнде және соған сәйкес, сол белгiлеген рәсiм бойынша қабылданады. Оның қағидасына қайшы келетiн заң мен өзге актiнiң заңдық күшi болмайды.
Мемлекет жасасатын халықаралық келiсiм мен шарт та Ата Заңға қайшы келмеуге тиiс. Кез келген демократиялық-құқықтық мемлекеттiң ағымдағы заңы құқықтың базалық көзi болатын Конституцияға негiзделедi және оның рухына сай келеді. Құқықтық актiнiң Конституцияға сай келмеуi немесе оған қайшы келуi бұл құқықтық актiнi заңды күшiнен айырып, жарамсыз етедi. Бұл — құқықтық мемлекет құрудың аса маңызды шарты. Оны Конституциялық Кеңес қамтамасыз етедi.

Әрине, елдің егемендігі тек Конституция қабылдаумен тиянақ­тал­май­ды. Мемлекеттік аса маңызды мәселені шешу барысындағы талқылау мен шешу кезінде әр азамат Конституцияда көрсетілген жауапкершілікті сезінуі қажет. Қоғамның бүгіні мен болашағы үшін Ата Заңды ардақтап, маңызына мән беру — әрбір қазақстандықтың азаматтық міндеті мен парызы.

Әлібек ӘБДІРАШ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Комментарии закрыты.