«ОҢТҮСТІКТІҢ» ОТАРБАЕВЫ

Шыңыраудың шиыршық атқан адуынды тірлігіне төтеп беру қиын. Кеншілікке отыз жылдан астам өмірін арнаған ол да биыл денсаулығы сыр беріп, жер бетіндегі жеңіл жұмысқа ауысты. Қазір құрылыс цехында жүр. Әңгіме «Оңтүстіктің Отарбаевы» атанған вагон аудару қондырғысының бұрынғы машинисі Сәкең — Сәрсенбай туралы.

Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын Отан алдындағы азаматтық борышын атқарып келген ол «Оңтүстіктің» табалдырығын табанды талаппен аттады.

Ерте үйленді, иығына түскен отбасының салмағын жете сезінді.

Жарық дүниеге келген қараңдаған қарадомалақ қатары көбейген сайын жауапкершілік жүгі тіпті еселене түсті. Бәріне төтеп берді.
Жақсы жалақы табуға жанын салды. Ал, кеніш коттедж сыйлағанда есіл еңбегінің еленгенін сезініп, кеудесін қуаныш кернеді.
Өзін жолы болғыш жігіттің қатарына жатқызады. Шахтаға түскен сәттен соны сезінді. Тісқаққан әріптестері кеншілікті құрықтауға бел байлап келген жігерлі жігітке қашанда қолұшын созды.

Алғашқы өндірістік тәлімді электровоз машинисі Ярослав Иосифович Микитин мен Андрей Анатольевич Шлейкодан алды. Көрген қамқорлығын арада отыз жылдан астам уақыт өтсе де ұмытпайды, тұңғыш тәлімгер қашанда көңіл төрінде тұрады.

Тәлімгерлік — кеншілер қауымында қашаннан қалыптасқан қастерлі дәстүр. Әсіресе, «Оңтүстіктің» орны бөлек. Кеңестік кезеңде мұнда тәлімгерлікке байланысты бағалы бастама да көтерілгені бар.

Бүгінде әрбір бесінші кенші — өндіріске жаңадан келген жасты қанатының астына алған тәжірибелі тәлімгер. Соның бел ортасынан Отарбаев та ойып тұрып орын алды. Кеншіліктің кереметіне кейінгі буынды баулыды.

Тәлім-тәрбиесін көрген шәкіртін санамапты. Бір білетіні — өзімен қанжығаласып қарқынды жұмыс жасағанын былай қойғанда, шәкірті арасында қатардағы кеншіден басшылықтың биігіне көтерілгені де бар.

Сосын бір ұққаны — кәсіпқой кенші болуды көздеп келгенге түсіністікпен қарау керек. Аяғынан нық тұрып кетуіне жан-жақты жәрдемдескен жөн. Кездейсоқ келген онсыз да көп тұрақтамайды.

Сәкең вагон аудару қондырғысын ұршыққа үйіріп қана қоймай, электровозды да шебер жүргізді. Сөзге сараң, есесіне көңілі дархан.

Комментарии закрыты.