«Парасат» әдістемелік бірлестігінің алғашқы жетістіктері

Өткен аптада №36 «Ақбота» балабақшасында «Парасат» әдістемелік бірлестігінің кезекті шығармашылық бағдарламасы болып өтті.

Бағдарлама бүгінгі балабақша тәрбиешілеріне қойылатын талап бойынша жаңа стандарт контекстінде педагогикалық үрдісті ұйымдастырудың заманауи технологиялық тәсілдерін пайдалана отырып бес сала бойынша балаға білім берудің жолдарын көрсетті.

Бағдарламаның практикалық бөлімі бес тақырыпты қамтыды.

«Денсаулық» білім беру саласында І  кіші «Б» тобының тәрбиешісі Д.Дюсебекова «Кірпіге көмек» тақырыбында бүлдіршін бойына аяушылық, кішіпейілдік сезімдерін сіңірсе, «Қатынас» шығармашылық сабағында ІІ кіші «Б» тобына Б.Оспанова «Шалқан» ертегісімен қарым-қатынас мәдениетін үйретті. «Таным» білім беру сапасы бойынша Б.Оспанова «Ғажайып әлем» тақырыбына ғажайып сырға толы сабақ өткізді. Ең тартымды да, жоғары дәрежеде өткен ересектер «Б» тобының тәрбиешісі К.Мустафинаның әлеуметтік орта қатынас саласы бойынша өткізген «Жол ережесі жайлы» ойын сабағы тақырыпты толығымен қамтып, бүлдіршін санасына жол ережесінің тәртіп, қағидасын түгелімен жеткізді.

Бағдарламаның шығармашылық бөлімі «Күміс қоңырау» ойын-сауық мерекесіне жалғасты. «Күміс қоңырауға» қатысқан әншілер озық өнерлері үшін марапатқа ие болды. «Бөбектер» әнін орындаған Айым Ілиясова ІІІ орынды, «Қазақстан әскері» әнін орындаған Ерасыл Мұқанов ІІ орынды жеңіп алды. Ал, «Бөпешім» әнімен Адина Сәдуақасова көрермендер көзайымы болып танылды. Өзінің сүйікті әжесі туралы ән шырқаған Арай Абзал І орынды иеленсе, «Әжеме» әнімен Томирис Рашид гран-приді жеңіп алды. Жеңімпаздарға Шығыс Жезқазған кенішінің Жастар одағы төрайымы А.Абаева демеушілердің атынан сыйлық тапсырды.

Кештің соңы бағдарламаның теориялық бөліміне ұласты. Бұл бөлімді аға тәрбиеші Ғ.Абишева өткізді. Сәтбаев қаласындағы балабақшалардың қазақ тәрбиешілеріне бес сала бойынша сабақ өткізудің үлгілерін слайд-шоу арқылы көрсете білген Ғалия Әбілқызына балабақша меңгерушісі Ұлмекен Ищанова өз алғысын білдірді. Сонымен қатар, «Дошкольник» ЖММ директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.Ибраева бағдарлама жөнінде өз пікірін білдіріп, алдағы уақытта осындай игі шаралар көбейе беруіне тілектестігін білдірді.

Бала тәрбиесі бақшадан басталатыны анық, ендеше келер заманның жаңалықтарын қабылдай отырып, білім беру мен білім алуды бірдей бағалайтын білікті мамандарға сәттілік тілейміз.

А.Бегім.

Комментарии закрыты.