Кездесті, кеңес берді

20160826-02-3Сейсенбі күні Жезқазған, Сәтбаев қалаларына діни бағыттағы республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері  іссапармен келді.

Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек пен «E-islam» порталының бас редакторы Жалғас Сандыбаев №16 жалпы орта білім беретін мектепте ұстаздар қауымымен және дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталығы жанындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелерімен кездесті.

Ғабит Мұхамеджанұлы бүгінгі діни ахуалдың ушығып тұрған кезеңінде комитет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, бірқатар мәселелерге тоқталды. Әсіресе, биылдан бастап барлық білім ошақтарының 9 сыныбында жаңаша бағытта оқытылатын «Зайырлылық және Дінтану негіздері» пәніне енгізілген өзгерістерді ашып түсіндірді. Сонымен қатар, мектеп оқушыларының бірыңғай киім үлгісінің сақталуы міндеттелетінін ескертті.

– Жат ағымның жетегіне ерген жастарға Тәуелсіздік алғанға дейін қазақта дін болмаған деген қате пікірдің айтылып жүргені ащы да болса шындық. Біздің ата-бабамыздың сан ғасырлық жолы мен мол мұраларын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттап, түсіндіру мақсатында дінтану пәнінің оқулығына Әл-Фарабиден бастап, Абай, Шәкәрімнің ислам дінін ұстану жолындағы еңбектерін топтастырдық.

Ендігі міндет – жас буынның тура жолдан таймай, дұрыс ақпаратпен қанығып өсуіне күш салу, – дей келе, Ғ.Абзалбек ақпарат­тық тү­сіндіру тобының мүше­леріне бірқатар кеңес берді.

«E-islam» порталының бас редакторы Жалғас Сандыбаев өз кезегінде ғаламтор желісінен ақпараттар ағыны толассыз түсіп жатқан дәуірде балалардың шетін көзқарастағы сайттардан ақпарат алмауына кеңес беріп, баланың тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін кеңінен түсіндірді. Қоғамда өзекті та­қы­рыпқа айналған дін мә­селесі төңірегінде жинал­ған жұртшылық өз пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.
Топ мүшелерінің мекеме, ұйымдармен кездесуі қа­ла­лық ішкі істер бөлімінде, Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық және Сәду­ақас Ошақұлы атындағы мешіттерде де жалғасын тапты.

Комментарии закрыты.