«Ұстазым менің, ұстазым…»

Өткен ғасырдың 60-шы жылдары мыңдаған халқы бар «Төртінші» елді мекенінде шағын ғана бастауыш мектеп болды (қақпағы ашылатын ағаш парта, бұрыштағы ағаш дәу шот әлі есімде). Білім жолындағы алғашқы қадамымды мен сол мектепте бастадым. Менің алғашқы ұстазым Маханова Сақып апай болған еді. Сол мектепте Мұқашева Рабиға апай да дәріс берді.

Мен жақын арада Рабиға апайдың Жезқазғандағы үйінде қонақта болдым. Сұңғақ бойлы, жас кезіндегідей көзінен жылулықтың нұры шашылып тұрған, сабырлы ұстаз екеуміз ол кісінің  білім саласындағы 40-жылдық еңбек жолын еске алып отырмыз.

Қарағандының сұрыптау (Сортировочная) станциясында 1941 жылдың мамыр айында дүниеге келген Рабиға бала кезінен мұғалімдікке ынтызар болды. Адамдардың білімге деген құштарлығын оятып, кітаптан нәр алуға жетелесем екен деп армандайтын. Сол арманы орындалып, Сарандағы педучилищені бітірді. Жолдамамен Жезқазған жеріне келді. Басы бос жас қызды гороно қала маңындағы «Талап» подхозына жіберді. Ол кездің қазағы бауырмал ғой. Кішкентай елді мекенде жатақхана жоқ болатын. Рабиғаны осы жердің тумасы Асанғазы деген кісінің отбасы паналатты. Бұл ел ағасы қазіргі Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, «Сарыарқанан» кәсіпорнының басшысы Жақия Күнеділовтың әкесі болатын. Жас ұстаз ауыл балаларымен бірге Асанғазы әкейдің үйіндегі кішкентай бүлдіршіндерді де оқытты.
Содан ол жерде бір оқу жылын тәмәмдап, 1963 жылы Жезқазғандағы мектеп-интернатқа ауыстырылды. Ол кезде бұл мектептің директоры Құлмағанбетов Қапан ағай еді.

–    Өте бір жайдары, күлгенде жүрегі көрініп тұратын тамаша кісі еді, – деп еске алады Рабиға апай. – Ұстаздың да, шәкірттің де қамын ойлап жүретін. Сол жылы мен Төлеген деген кенші жігітке тұрмысқа шықтым. Ол кездегі Рудник поселкесіндегі 8-ші шахтаның маңындағы әке-шешесінің үйіне келін болып түстім. Қапан аға бізге дүркіретіп той жасады. Отыз күн ойыны, қырық күн тойы болмаса да, бір жеті тойладық. Ол кездің тойы қарапайым өтетін еді ғой. Қолда бардағыға мәз боламыз. Бізге, жастарға деп Қапан аға мектеп ұжымы атынан стол сыйлады. Мына бүгін дастархан жайылған осы стол сол сыйлық. 50 жыл болды, әлі  бір жері де мұқалған жоқ. Қапан ағаның көзі ғой деп сақтап келеміз.

Рабиға апай үйлі-баранды болғасын Весовойдағы №10 мектепке ауысты. Содан міз бақпастан 30 жылдан астам осы білім ордасында зейнеткерлікке дейін ұстаздық етті. Алғашында Весовойдың, Төртіншінің мектептерінде бастауыш сыныптардың бүлдіршіндеріне дәріс берді. Сол Төртіншідегі есімдері белгілі Мырзатовтар, Шайкамаловтар, Ерназаровтар, Бесібаевтардың балаларын оқытты. 1968 жылы Рабиға апай сырттай Қарағанды  пединститутында жаратылыс тану пәнінің мұғалімі мамандығына оқып шықты.

Рабиға Сапарбекқызынан қазіргі кезде әр салада еңбек етіп жүрген Еңбек Тлеуов, Еркін Байзақов, Ләззат Ахметова сияқты жастар өмірге жолдама алып, өз орындарын тапты.

Рабиға апай өз шәкірттерін есінде мықты сақтаған, аға буын ұстаздарды, қатарлас әріптестерін де ұмытқан жоқ.

Ұстаздардың ұстазы болып есептелетін Мұқатай Жармағамбетов, Шабал Бейсенбекова, Хакима Жомартбаевадан алғаны да, айтар ризашылығы да мол. Кезінде Рабиға апай мен оның отбасы сол кездегі жергілікті өкімет басында болған Балдырған Әбдікәрімованың да шапағатын көрді.

–    10-шы мектепте сол жылдары әріптестерім Сапура Қалмағамбетова, Жәкен Жаппасбаева, Жұмакүл Сәрсенбаевалармен қоян-қолтық жұмыс істеп, бала тәрбиесімен айналыстық, – дейді Рабиға Сапарбекқызы. –1991 жылы зейнеткерлікке шықсам да, ұстаздық жолымды Сәтбаев қаласындағы №1 орта мектепте жалғастырдым. Бұл білім ордасында 1998 жылға дейін еңбек еттім.

«Ұстаздық еткен 40 жылдық жолым жалықтырған жоқ па» дейсің ғой? Жоқ, жалықтырған жоқ. Қазір ұстаздықтан қол үзіп қалсам да, сол жылдарды сағынамын. Әлі де ұстаз екенімді ұмытпаймын. Газет-журнал қараймын, бұрынғы білім қоржынымды толықтырайын деп осы заманның жаңалығына құштармын.

–    Менің ойымша, қазіргі жастарға патриоттық сезім, мейірімділік, ізденіс жетіспей жатқан сияқты, – деп ойымен бөліседі ұлағатты ұстаз. – Қазір мен Бауыржан Момышұлының еңбектерін, батыр туралы жазылған кітаптарды оқып жатырмын (кезінде Бауыржан ағаның ұлы Бақытжан мен келіні Зейнеппен Алматыда дәмдес болдық). Ол өзіме ғана керек емес. Қолымдағы немерем Қолданаға да сол батыр атасы Бауыржан туралы айтып отырамын. Ол Жезқазғандағы Қ.Сәтбаев атындағы гимназияда 2-сыныпта оқиды. Ізденімпаздығы ұнайды. «Әже, маған сұрақ қойшы, анау қалай, мынау қалай» деп өзі де сұрап отырады. Содан болар, баладан төмен болмауға тырысам. Осы немерелерімді көрсем, солармен қауқылдасып қалсам, ауырғаным жазылады. Бір сәтте де ұстаз екенімді ұмытпаймын.

–    Іздену деген ұстазға да тән болу керек, – дейді Рабиға апай. Өмір бойы ұлағатты ұстаздың ұстанымы: «Тынымсыз іздену – әр мұғалімнің еңбектес серігіне айналу керек». Бұл сөздер Рабиға апайдың естелік альбомының бірінші бетінде ойылып жазылған.

Кезінде Рабиға Мұқашева жергілікті, облыстық, республикалық газет-журналдармен тығыз байланыста болды. Ол кісінің білім саласына байланысты мақалалары «Жезқазған туы», «Қазақстан мұғалімі» газеттерінде, «Қазақстан мектебі», «Бастауыш мектеп» журналдарында жарық көрді.

Рабиға Сапарбекқызы 40 жылдық еңбегі үшін жоғары дәрежелі мұғалім, «Қазақстанның оқу-ағарту ісінің үздігі» атақтарына ие болды. Онымен қоса, Төлеген аға екеуі 6 бала тәрбиелеп өсіріп, Рабиға апа «Күміс алқа» белгісімен 2010 жылы марапатталды. Жан серігі екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, қазір 15 немере, 1 шөбере көріп отыр.

Рабиға апай мен Төлеген ағаның алты баласы да өнегелі тәрбие көріп, өмірде өз жолдарын тапты. Үлкендері Ардақ Қарағандыда ірі компанияда іскерлікпен айналысады. Ахат – Сәтбаевта білікті тіс дәрігері, қыздары Зәмзәгүл Астанада, Білім министрлігінде, Нұргүл Жезқазғанда дәріхана меңгерушісі, Сәулелері Түркияның халықаралық қатынастар институтын бітіріп, Алматыда тұрады.
Кенжелері Гүлдана қолдарында. ЖезУ-ді бітіріп, «Қазақмыс» корпорациясының кәсіподақ ұйымында қызмет етеді.

–    Менің бақытым – жанымдағы серігімде, балаларым мен немерелерімде. 40 жыл бойы ұстаздық еттім. Құдайға шүкір, шәкірттерім жаман болған жоқ, еліне қызмет етер азаматтар шықты. Одан басқа адамға бұл жалған дүниеде не тілеуге болады?! – дейді Рабиға ұстазым.

Жанарыңыздың нұры сөнбесін, шапағатыңыз бен мейіріміңізді көретін жандар көбейе берсін, ұзақ ғұмыр тілеймін демекпін.

Мади Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.