Қолдау тапты

Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Оқып шықсаң, басқаға бер» атты буккроссинг іс-шарасы өтті. Буккроссинг – кітап оқуды ілгерілету, оқырмандар арасында оқыған кітабы туралы әңгімелеу, «оқып болсаң, басқаға бер» приципіне негізделген.

Ол кітап пен оқырман байланысын жетілдіруге, жақсы кітапты насихаттауға тікелей қатысы бар шара.
Буккроссингты амери­кандық интернет-технолог маманы Рон Хорнбэкер ойлап тапқан, ол 2001 жылы көпшілік жүретін жерде «Бұл жоғалып кеткен кітап емес, мына сайтқа кіріп, оның бұрынғы иесін біле аласыз. Кітапты оқып біткен соң, оны әрі қарай саяхаттауға жіберуіңізге болады» деген жазуы бар кітап қалдырады. Бұған көп адамдар қызығушылық танытып, бірнеше жылдан соң сайтқа кірушілер саны ұлғайды. 2004 жылдан бастап «Bookcrossing» Оксфорд сөздігіне ресми түрде енгізілді.

Бүгінде буккроссинг әлемнің барлық елдерінде кең етек ала бастады. Қалалық кітапханада да буккроссингтің қауіпсіз сөресі ашылды.
Кітапханашы-буккросс­ершілер осы сөреге сыйланған кітаптарды қояды. Сонымен қатар, дәстүр бойынша жазғы маусымда әр аптаның жұма күндерінде кітапхана қызметкерлері Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы алаңына «Оқып шықсаң, басқаға бер» көрмесімен шығып, демалушыларды «Буккроссинг» акциясымен таныстырып, өздеріне ұнаған кітаптарын алуды ұсынады.

Спорттық-сауықтыру алаңында өткен акция шеңберінде оқырмандар қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі әр түрлі жанрдағы кітаптарды алып оқыды, әкелген кітаптарымен алмасты. Оқыған кітаптары жайлы ой-пікірлерімен бөлісті. Кітаптардың сыртына «Бұл кітап өзін жоғалтқан жоқ, бар қызықты ішін ашып, оқысаң білесің!» деген стикер жабыстырылды. Айналасы бір сағатқа жетер-жетпесте қойылған орындарында бірде-бір кітап қалмай, осы мақсатқа бөлінген жиырмадан астам кітап өз оқырманын тапты. Олардың қатарында В.Меншиковтің «Повороты судьбы», С.Бердіқұловтың «Шығармалары», «Балалар энциклопедиялары», Ғ.Мұстафин мен Валлис Лапистің «Таңдамалы шы­ғармалары», С.Гор­днев­тің детективтері, Т.Сұлтановтың «Ақ киізге көтерілген қазақ дала­сының хандары», т.б. кітаптар бар. Кітаптардың оқырмандар арасындағы қозғалысын бақылау үшін әр кітаптың арасына «Буккроссинг» қозғалысы туралы оқырманға арналған ақпарат берілді. Кітапханада «Знакомьтесь, Буккроссинг» бұрышы ашылды. Кітапханаға келген оқырмандар кітаптарын алмастырып, өздерінің оқыған кітаптары жайлы пікірлерімен бөлісті.

Шара соңында тұр­ғындар «Буккроссинг» акциясын өткізуді дәстүрге айналдырып, жиі өтіп тұруын қалайтындықтарын білдірді.

Ш.Сабырова, әдістеме бөлімінің жетекшісі.

Комментарии закрыты.