Партия бағаны бақылайды

Апта ортасында «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының жоспарлы отырысы өтіп, онда қаладағы азық-түлік бағаларының өсіп тұрғандығы жайлы мәселе көтерілді.

Отырысты жүргізген филиал төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев күн тәртібіне қойылып отырған мәселенің маңыздылығына тоқталды.

–    Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның XIII съезінде әлеуметтік маңызы жоғары бағдарламаларды іске асыруда партиялық бақылауды күшейту туралы тапсырма бергенін білесіздер. Соңғы уақытта қоғамдық қабылдауға келіп, немесе телефон арқылы да азық-түлік бағаларының кейбір дүкендерде тым жоғары екендігіне шағымданушылар көп. Атап айтсақ, Абай көшесінің бойындағы «Елдос» дүкенінде көкөніс бағасының, «Тұрар» базарында кейбір азық-түліктің басқалармен салыстырғанда тым жоғары екендігін айтады тұрғындар. Ал, №7 орта мектепке тым жақын орналасқан «Айгөлек» дүкені спирттік өнімдерді шімірікпестен үлкен-кішіге сата берумен қоймай, түнгі мезгілде нанның бағасын көтеріп жібереді екен. Міне, осы мәселелердің бәрі қордалана келе, партиялық бақылаудың жұмысын күшейтуді талап етіп отыр. Әрине, нарық заманында аймақ бойынша бағаның көтеріліп тұрғаны анық. Дегенмен, кейбір сауда нүктелерінің тым шарықтатып отырғанын ел көзімен көріп отыр. Сондықтан қымбатшылықты құрықтамасақ та, партияның беделін пайдаланып бағаны бақылауға байланысты арнайы мобильді топ құрсақ деген ұсынысым бар – деді Жаңбырбай Әбжаметұлы.

Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы А.Төлендина мобильді топтың құрамына салық, санитарлық қадағалау басқармаларынан,т.б. құзырлы органдардан өкілдер енгізуді ұсынды. Комиссия мүшесі С.Имамбай соңғы кездері әр жерлерден ашылып жатқан ет сату нүктелерінің заңды-заңсыздығын, зертханалары бар-жоқтығын да анықтау керек деген ой айтты.

Отырыста айтылған пікірлерге қатысты нақтылы шешім шығарылып, қала әкіміне жіберілетін болды.

Н.Ә.Назарбаев биылғы Жолдауында кәсіпкерлерді қолдап, бизнестің тынысын жеңілдету мақсатында бақылау жүргізудің бүкіл мемлекеттік органдар үшін ортақ тәртібін белгілегені айтылған. Осыны бетке ұстап, «құқығымыз жан-жақты қорғалған» деп, бағаны негізсіз шарықтатқан кәсіпкерлер бар екені шындық. Оларға біздің айтарымыз, «Күшті бизнес – мықты мемлекет» деген Елбасының сөзі. Ал, мемлекеттің байлығы – оның халқы. Әл-ауқаты жақсы, тұрмыс деңгейі жоғары елдің еңсесі биік. Олай болса, Елбасының елі үшін жасап отырған жеңілдіктерін дұрыс пайдаланып, дұрыс түсінейік.

М.ЖАППАСБАЕВА, комиссия мүшесі.

Комментарии закрыты.