Ақшаның «буы»

Бір жас жігіт жолда келе жатады. Қараса, алдында  тиын жатыр. «Тиын да ақша ғой» деп оны алып, кішкентай дорбасына салып қояды. Сосын: «Егер бір тиын емес, мың теңге тауып алсам, әке-шешеме сыйлық сатып алар едім!» деп іштей ойлағаны сол екен, кішкентай дорбасы қалыңдай түседі.

Дереу ашып қараса, ішінде мың теңге тұр. «Қызық! Бары – бір тиын еді, енді, міне, мың теңге! Шіркін, егер он мың теңге тауып алғанымда сүтті сиыр сатып алып, әке-шешеме ақ ішкізер едім…» дейді іштей. Дорбасы тағы да қалыңдай түскендей. Ашып қараса, ішінде он мың теңге тұр. «Ғажап!» деп қуанған жігіт: «Егер жүз мың теңге тауып алғанымда үйленіп, үлкен үй сатып алып, әке-шешемді төріме отырғызар едім!» дей салып, бірден дорбасына үңіледі. Ішінде жүз мың теңге жатыр!

Сол кезде жас жігіт: «Жаңа үйге әке-шешемді көшірмей-ақ қоярмын. Олар әйеліме ұнамай қалуы да мүмкін ғой. Ескі лашықта тұра берсін. Әрі сиыр ұстаудың да машақаты көп, одан да бір ешкі алайын. Сыйлыққа да шашылудың қажеті шамалы. Онсыз да көп шығын шыққалы тұр…» дейді күпірлікке салынып.

Солай ойлаған сәтте дорбасы жеңілдеп, қушиып қалғандай көрінеді. Есі шыққан жігіт оны дереу ашып қарайды. Қараса, дорбаның түбінде бағана өзі тауып алған жалғыз тиын ғана жатыр екен.

P.S. Ақшаның «буына» алданып, адал жолдан адаспа!

Әзірлеген Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.