Маңызды мәселелер қаралды

Қалалық әкімдікте қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.  Жиынның күн тәртібінде үш мәселе қаралды.

«Қала көшелерін жарық­тан­дыру бойынша бюджеттік бағдарламаның орындалу барысы» туралы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Д.Мейірбек баяндаса, құрылыс бөлімінің басшысы Б.Досжан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан 600 орындық мектеп құрылысы туралы ақпарат берді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі кеңес мүшелеріне қалалық мәслихаттың 2015 жылғы 30 маусымдағы №355 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Сәтбаев қаласы мен Жезқазған кентінің мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешім жобасын ұсынды.

Кеңес мүшелері отырыста қаралған алғашқы мәселеге қатысты бөлім басшысына бірқатар сын айтты. Шаһардың басты көшелерін жарықтандырғанмен, шеткері аудандар шет қалып отырғанын және кейбір көшелерде күндіз-түні шам жанып тұратындығын жеткізген жиынға қатысушылар бұл мәселелерді ретке келтіруді тапсырды. Мұнан бөлек, Кеншілер алаңын жарықтандыру жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компанияның жұмыс сапасына мән беріліп, жаңадан тартылған желілер мен бағандардың күтіп ұсталуына қадағалау жасалса деген ұсыныстарын жеткізді.

Алтыншы ықшам аудандағы мектеп құрылысының мерзімі мен сапасына көңіл толмаушылық бар. Облыстық құрылыс басқармасының тапсырмасымен салынып жатқан бұл білім ошағына жуық арада басшы тағайындап, құрылыстың сапалы болуына көңіл бөлінуі керек деді кеңес төрайымы М.Мәдиева.

Комментарии закрыты.