Болашаққа бағдар

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында білім қызметкерлерінің жыл сайынғы тамыз мәслихаты өтті. Оқу жылының басында жетістіктер сараланып, болашақтағы істер бағдарланатын айтулы жиынға қала әкімі А.Ыдырысов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук қатысты.

Білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков 2015-2016 оқу жылдарындағы жетістіктерді тілге тиек ете келіп, жаңа оқу жылындағы межелі міндеттерге тоқталды. Сонымен қатар, Берік Базылұлы Білім және ғылым министрлігінің білім саласын дамытудағы басым бағыттарына кеңінен талдау жасады.

Алқалы жиында сөз алған қала басшысы Асқар Абылайұлы білім ошақтарындағы шәкірттердің зияткерлік қабілеттерін арттырып, өзіндік ізденіске құлшындыруда ұстаздар қауымына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Кеңесте сондай-ақ, қалалық білім бөлімінің әдіскері Айгүл Бақтаева мен №4 Абай атындағы мектеп-лицей басшысының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлболсын Қозыбаева жаңа технологиялармен балалардың білімін жетілдіру тақырыбында баяндама жасаса, балабақшаларда үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асырудағы ауқымды шараларға «Нұр бөбек» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Жамалқия Жаппасова кеңінен тоқталды.

Тамыз мәслихаты ұсынымдарының жобасын жариялаумен түйінделген жиын одан әрі марапатқа ұласты.

Комментарии закрыты.