Айбыны асқақ Ата заң

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, яғни, 1993 жылдың 28 қаңтарында негізі қаланып, 1995 жылы 30 тамызда толықтырулар мен өзгерістерден соң қайта қабылданған еліміздің Ата Заңына биыл 21 жыл толды.

Егеменді елдің мемлекеттік мерекесіне айналған бұл атаулы күні шаһардың игі жақсылары Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен салтанатты жиында бас қосты.

20160902-01-1

Ата Заңның айбынын асырып, мерейін үстем еткен жиын «Кеншілер сазы» ұлттық аспаптар фольклорлық ансамблінің орындауындағы «Ата толғауы» күйімен ашылды.

Осы ансамбльдің сүйемелдеуімен шырқалған Әнұраннан соң, қала басшысы Асқар Ыдырысов жиналған қошеметшіл қауымды мерекемен құттықтады.

– Құшағына сан тағдырлы ұлтты сыйғызып отырған еліміздегі ынтымақтың ұйытқысы – ол Ата Заң. Ата Заң – азаттығымыз бен егеменді ел екенімізді айғақтап, дербес мемлекеттігімізді көрсететін құнды да қастерлі құжат. Ата Заңның қасиеті мен ғибраты ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсін! Тәуелсіздігіміздің тірегі – Ата Заңымыз мәңгілік болсын, – дей келіп, Асқар Абылайұлы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес көп балалы ана Жанерке Нұржанованы «Күміс алқа» төсбелгісімен марапаттады.

Мерекелік салтанатта қаланың дамуына елеулі үлес қосқан «Қазақмыс Мейнтенанс Сервисиз» ЖШС тау-кен жабдықтарын жөндеу және сервистік қызмет көрсету департаментінің директоры Қозы-Көрпеш Байтоқов, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Талиға Қапарова мен Шығыс Жезқазған кенішінің ардагері Жақсыбай Карбозовқа «Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Өндірісті өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып, өз саласында еңбектерімен көзге түскен әртүрлі сала мамандары Қарағанды облысы әкімінің және қала әкімінің Құрмет грамоталарын иеленді.

Салтанатты шара «Атамекен» әнімен түйінделді.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.