Сақтықта қорлық жоқ

«Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» демекші, биылдың өзінде-ақ облыс аумағындағы Шет және Ақтоғай аудандарында мал етінен жұқтырылған сібір жарасымен тұрғындардың науқастану фактісі орын алды.

Осы мақсатта қала көлемінде мал шаруашылығымен айналысатын жеке сектордағы тұрғындарға мал союдың негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында қалалық ветеринария бөлімі рейдтік іс-шара ұйымдастырды.

Саяжайлар мен жер үйлерде мал ұстайтын тұрғындарға ветеринария бөлімінің басшысы Әбусағит Әбдікер мен қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының жетекшісі Гаухар Жалмурзина түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

– Бүгінгі күні малдарды егу, оларды бірдейлендіру шаралары тұрақты атқарылып келеді. Ауылшаруашылығының жаңа талабына сай ірі-ұсақ малдардың толық ақпаратын компьютерлік базаға шоғырландыру жолға қойылды. Жұмыс күрделене түскенімен, біздің мал дәрігерлері бұл істі тыңғылықты атқаруда.

Жақында Ақтоғай ауданының Жидебай ауылында «Жеңіс» шаруа қожалығының қожайындары мал сойған. Мал иесі ветеринарлық анықтаманы тірі малға алған, бұдан кейін ет Балқашқа өткізілген. Осындай немқұрайлылық қаншама іске залалын тигізіп, тұтынушылардың арасында үрей туғызуда. Бұл әрекеттің бір ұшы ветеринарлық мамандарға да тиіп отыр, – дейді бөлім басшысы Ә.Әбдікер.

***

Осы туындаған мәселеге қатысты мал сою бекеттерінің санитарлық тазалығын бақылау мақсатында жұмыс тобы «Әли» және «Мал-жай» мал сою бекеттерінде болды.

Мұндағы мамандар малдарды союдың, оларға анықтама берудің барлық үрдістерін кеңінен айтып, түсіндірді.

Арнайы зертханада сараптамадан өтіп, оң қорытындысы алынған мал еті ғана сатылымға жіберіледі дейді мамандар.

***

Қалалық әкімдіктің кіші залында ветеринария бөлімінің басшысы Әбусағит Әбдікердің төрағалығымен ветеринария саласындағы қауіпсіздік шарасын күшейтуге бағытталған келелі кеңес өтті.

Оған жеке қожалықта мал ұстайтын шаруашылық иелері мен сала мамандары және қалалық қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы кездері іргелес аймақтардың тұрғындары мал етінен жұқтырған ауруларға жиі шалдығуда. Сондықтан, біз жеке қожалық иелерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, сақтық шараларын күшейтуіміз қажет. Салғырттықтың сан соқтыратынына Ақтоғайдағы оқиға куә болып отыр. Сақтықта қорлық жоқтығын әрбір қожалық иесі жете түсініп, мал басын егуге және бірдейлендіруге баса назар аударса, – деген ұсынысын жеткізді Әбусағит Түгелбайұлы.

Қауіпсіздік шараларын қаузаған келелі кеңесте мамандар мал ұстау мен оны союдың ережелерін қатаң сақтап, тазалық шараларына аса мән беруді ескертті.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.