«Әлін білмеген — әлек!»

Бір хан халқы қаншалықты ақылды екенін білмек болып: «Кімде-кім өзін данышпан санаса, жеті күнде менің сарайыма келсін!» деген жарлық шығарыпты. Бір аптада хан сарайына үш адам келеді. Бәрі құрдас екен, жасы — елуді енді еңсерген. Бірақ, біріншісінде — бір тал шаш жоқ. Екіншісінің шашын ақ басқан, ал мұрты қап-қара. Үшіншісінде — шаш бар, мұрт жоқ. Хан олардан ерекшеліктің сырын сұрайды.

— Жақсы мен жаманды көп көрдім. «Халқым баршылық пен тоқшылықта өмір сүруі үшін не істеу керек?» деген сұрақ жанымды жеп, көп қиналдым. Содан шашым түсіп қалды, – дейді біріншісі.

— Шашым – «құрдасым». Туғанда шашым болды, ал мұрт жиырма беске келгенде шықты. Яғни, шашым мұртымнан 25 жас кәрі, ағарып кеткені сондықтан. Мұртым әлі жас, қап-қара, – депті екіншісі.

— Мен – жалғызбын. Әкемді ренжітпеу үшін нағыз ер болып ержеттім. Ал, анамның көңілін аулап, мұрт өсірмедім, – дейді үшіншісі.

Тапқырлыққа риза болған хан бір қап алтын береді. Үшеуіне іштарлықпен қараған бір жас уәзір: «Бір қап алтын бергені несі? Менен кемеңгер ме? Қой, үш сұрақ қойып, алтынды кері қайтарайын» деп ойлайды да, атқа мініп, олардың соңынан шаба жөнеледі. Қуғыншыны көрген біріншісі:

— Алтынды арқалап, кете беріңдер, – деп қалып қояды.

Атын әзер тоқтатқан уәзір:

— Сен данышпансың ба? – деп сұрайды.

— Иә, данышпанмын.

— Онда мына сұраққа жауап берші…

— Айта бер…

— «Әлем» деген не?

— Күн мен түн! Күндіз жұмыс істеп, түнде демаламыз.

— «Жер» деген не? «Су» деген не?

— Жер – барша адам мен аң-құстың, ал су – балықтың анасы.

— «Уақыт алмасуы» деген не?

— Қап, оның жауабы анау екі серігімде еді. Тұлпарыңды бере тұр, жылдам барып, біліп келейін, – дейді. «Ұсталдың ба, бәлем?!» деп алақанын ысқылаған ол:

— Жылдам кел! – деп аттан түседі. Ал, жүйрікке қарғып мінген данышпан:

— Жаңа ғана жүйрік тұлпарың болды, ал менде жоқ еді. Аттың үстінде отырдың, мен жерде тұрдым. Қазір мен атқа мініп, сен жерде тұрсың. «Уақыт алмасуы» деген осы! Көп рақмет! – дейді де, шаба жөнеледі.

Осылай уәзір алтынсыз, атсыз, абыройсыз далада қалыпты.

P.S. «Аяз би — әліңді, құмырсқа жолыңды біл!».

Әзірлеген Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.