Қазынашылықтағы мереке

Сәтбаев  қалалық  қазынашылық  басқармасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық  мерекесі мен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында мерекелік іс-шара өтті.

Аталған іс-шарада басқарма бастығы Б.Шәкенов  қызметкерлерді  көктемнің ең тамаша мерекелерінің бірі достықтың, ынтымақтың және  елімізде тұрып жатқан барлық халықтардың жасампаздығының белгісіндей болған Қазақтан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады.

– Бұл мереке бүкілхалықтық мереке. Біздің әрқайсымыз  жақсылыққа, бейбітшілікке, адамгершілікке ұмтыла отырып оң  өзгерістер үшін, өзара түсіністік пен келісім үшін негіз қалаймыз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында «Барлық қиындықтарды жеңетін бір ғана күш бар, ол –  біздің бірлігіміз» деп атап өтті.  Қазақстанда тұратын барлық халықтарға еркін дамуына, өзінің тарихын және мәдениетін дамытуға барлық мүмкіндік берілген. Ал қазіргі күрделі кезеңде   халықтар бірлігі бәрінен де маңызды. Елімізде әрқашан бейбітшілік, достық  пен халықтар арасындағы бірлік арта берсін, – деді Бейбіт Жәлелұлы.

Құттықтаудан кейін операциялық топтың бас қазынашысы О.Шадринова  «Қазақстан – достықтың мекені» тақырыбында баяндама жасады. Онда Қазақстан Республикасының азаматтары үшін 1 мамырдың мәні ерекше мереке екендігі, оның атауының өзі адамзаттың ең игі істерінің негізі болып табылатын бірлік атты ауқымды түсінікті насихаттайтынын, халқымыздың бейбітшілік пен келісімінің үлгісін әлемге танытатын бірден-бір мереке екендігі айтылды.

Қазақстандағы барлық этнос өкілдерінің мүддесін қамтамасыз етуші ұйым құру туралы идеяны алғаш рет Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бастаған. Қазақстан  дамыған елдер қатарына қосылу үшін тұрғындары бай, әл-ауқаты жоғары өмір сүру деңгейіне жетуі үшін халықтың ынтымағы, бірлігі мен татулығы маңызды роль атқарады. Халық бірлігі – мемлекеттілік негізі. Осындай мерекенің маңыздылығын аша түскен отырыс соңы қазынашылық қызметкерлерінің дастархан басындағы пікір алмасуына жалғасты.

М. СМАҒҰЛ.

Комментарии закрыты.