Ел қазынасы

Жақында Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында ұлттық-мәдени орталықтардың қолөнер көрмесі өтті. Бұл көрме ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне арналды. Аталмыш көрме қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен 20 мамырға дейін жалғасады.

Көрмеге орыс, украин, татар-башқұрт, корей ұлттық-мәдени орталықтары  және қалалық «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері дайындаған қолөнерінің 300-ден аса туындылары қойылды. Көрмеге келген жұрт көне жәдігерлерді тамашалады. Бұл қойылған заттар әр ұлттың дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын айқындайды.

Көрмені тамашалаушыларды қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Г.Есмұрзаева, орыс ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Т.Хмилярчук, Жезқазған кентінен келген зергер В.Швецов, Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы басшысының орынбасары О.Ахметов ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен бірлік мерекесімен құттықтап, көрме жұмысына сәттілік тіледі.

Бұл жолы «Қазақ тілі» қоғамының атынан көрмеге қатысқан қаламыздың айтулы қолөнер шеберлері Лиза Бөлекбаева мен Қытай Халық Республикасынан көшіп келген оралман Гүлсім Дәуіттің ұлттық қолөнерді насихаттаудағы жұмыстары, сондай-ақ, зергер В.Швецовтың қолынан шыққан зергерлік бұйымдары жиналған жұртты таңғалдырып жатты.

– Бірлігі жарасып, бір шаңырақтың астында тату- тәтті ғұмыр кешіп жатқан өзге ұлт өкілдерінің де салт-дәстүрі, өнері астасып жатуы керек. Сондықтан да мұндай іс-шараның маңызы айрықша, – дейді көрмені тамашалауға келгендер.

Заман талабына сай жаңарып, дамып келе жатқан ұлттық қолөнердің дәріптелуін көздейтін игі істердің қатары көбейе түссе, ұлттық өнердің мәртебесі де жоғары болмақ.

Бағдат Айтөреұлы.

Комментарии закрыты.