Баба рухына тағзым

Керей мен Жәнібек керегесін керген Қазақ хандығы тұсында  елін жаудан қорғаған талай батырдың есімі тарихта қалды. Соның ішінде жоңғар шапқыншылығы жылдарында Арқа даласындағы Бұланты-Білеуті өзенінің бойында жауды ойсырата жеңген қазақ сарбаздарының ерліктері  аңыз болды. Осындай шайқастарда ерлігімен көзге түсіп,  қолбасшылық жасаған Құттымбет батырдың  есімі ерекше аталады.

Аталықұлы Құттымбет батырдың (1696 -1728) – 320 жылдығы  облыс көлемінде кеңінен аталып өтті. Өткен жексенбі күні байырғы Ақтұма-Керегетасы қыстағында, қазіргі «Есқұла-3» суқоймасы маңындағы батырдың бейіті жаңғыртылып, ас берілді.

Баба рухына тағзым жасалған айтулы шараға батырдың Ақтаудан, Астанадан, Алматыдан, Арыстан, Қызылорда мен Шымкент қалаларынан ұрпақтары арнайы келді.

Батырдың мәңгілік мекеніне айналған қырат етегіне киіз үйлер тігіліп, дүбірлі той өтті.

Еліміздің әр аймағынан келген зиялы қауым өкілдері Құттымбет батырдың ерлік істері жайында сыр шертіп, әр ру өкілдері батырдың ұрпақтарының игілікті ісіне сәттілік тіледі.

«Есқұла» бойын бір күн әуезді күй кернеп, рухты әндер тербеді. Делебені қоздыратын спорттық жарыстарда асқа жиналған жұртшылық бақ сынасып, жүлде алып жатты. Әсіресе, «Өгіз тартыс» ойынында 320 келілік тасты белге байлап, орнынан жылжытып сүйреуде өзіміздің жергілікті жігіттер өзгелерге дес бермеді.

– Құттымбет батыр жайында ел аузында әртүрлі аңыз тараған. Құттымбет батыр жорық кезінде, әр айдың бірінші сәрсенбісіне сәйкес келсе: «Бұл менің сәтті күнім!», – деп жауға сеніммен аттанады екен. Құттымбет батыр көптің бірі емес, шолғыншы, бүгінгі тілмен айтсақ, «десанттық» топтың жетекшісі. Барлау мақсатымен қоса, жоңғарларды күтпеген шабуылмен шығынға ұшыратып дұшпандарын көздеген бағытынан, көксеген жоспарынан жаңылдырыпты.  Шолушы топ бірде, жоңғар қонтайшысы Сыбан Раптанның ордасына шабуылдап, оның үріп ауызға салғандай, өрімталдай, жас сұлу қызын және бірнеше адамдарын тұтқындап, алып кетеді. Бұл оқиға тарихтан белгілі. Сыбан Раптанның Хоча атты қызы Құттымбет батырдың қолына осылай түскен. Хочаны құтқармақшы болған жоңғар батырларын бірінен соң, бірін шоқпармен ұрып құлатып, жау қоршауынан сытылып шыққан Құттымбет батыр, олжаға түскен ару ханшаны ағасы Құтан биге сыйға тартады. Сонда ақылы кемел, адам тани білетін сыншы ағасы Құтан би: – Мынау қас батырға лайықты хор қызындай жан екен, өз олжаңды өзің ал, адал жар еткей, – деп ризашылығымен інісіне екі әйелінің үстіне некелеп қосады. Кейін сол ару қыз Хоча ел арасында «Хорқыз» атанған екен. Хорқызынан туған ұлдың есімін – Төлебай деп қояды. Төлебай атамыздан тараған ұрпақтар қазір Жезқазған, Сәтбаев қалаларында тұрады. Құттымбет қайтыс болған соң, жесір қалған Хорқызды ата салтымен Құтан би өз баласы Шалабайға қосады. Одан дүниеге келген баланың есімі – Мырзакелді. Мырзакелдіден атақты қас батыр Медет туады. Осы екі баладан кейін Хорқыз шешеміз қатты ауырады, қайтыс боларының алдында өзін Құттымбет батырдың жанына жерлеуге аманат етеді.

Хан ордасына, сондай-ақ, атақты кісілер ауылына барымта-шабуылға шығу нағыз «жүрегінің түгі бар, жау-жүрек батырдың» ғана батылы баратыны мәлім. Қызын «кімнің әкеткенін» білген хан ашуға булығып, әбден өшіккені сонша:  – Оны қолға түсіріп, ұстағанда, кеудесінен жүрегін тірідей алыңдар! – деп бұйырыпты. Алайда, жоңғарлар ханның бұйрығын орындай алмай араға 2-3 жыл салыпты. Құттымбетті ұстаудың түрлі айла-тәсілін қолданады. «Аңдыған жау алмай қоймас» деген сол болса керек, ақыры Құттымбеттің шағын тобын дұшпандары қапыда қоршайды.   Жау қоршауында қалған қазақ тобының құрамында Құттымбет батырдың інісі, шамамен, 12-13 жасар Тәттімбет та бар еді. Бауырым «ұрпақсыз қалмасын», – деп, әкесі Аталықтың мұрасы – күміспен көмкерілген, Бұқарада жасалған ақ мылтығын мен өз арғымағын түсіп беріп, «елге хабар жеткіз» деп Тәттімбетті қашырып жібереді де, өзі қас жауымен қидаласып жүріп, ерлікпен шайқаста қаза болды. Жоңғар жауынгерлері Құттымбет батыр жүрегін тірідей жарып алды, жүректе «екі тал қыл» бар екен деген аңыз қалған,– дейді батырдың ұрпағы, өлкетанушы Кенжалы Балкенов.

Батыр ұрпақтары бабаларының қырат басындағы күмбезін жаңартып, басына белгі тас қойған. Етегінде 32 сарбазының қорымы бар. «Өлі риза болмай, тірі байымас» деп өткен тарихты саралап, ұлы тұлғаларымыздың ерлік істерін кейінгі буынға паш етіп жатқан Құттымбет батыр ұрпақтарының бұл ісі көпке үлгі болары хақ.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.