АСТАНАНЫ КӨШІРУ – ҚАУІПСІЗДІКТІ НЫҒАЙТУ

Қазақстанның жаңа, заманауи астанасын құру идеясы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тиесілі. Ол астананы республиканың орталық бөлігіне көшіру экономикалық реформалармен қатар, егеменді Қазақстанның даму мәселелерін шешудегі, оның нарықтық экономика мен демократияға тиімді көшудегі тағы бір стратегиялық механизміне айналатындығын айтты. Жаңа ірі еуразиялық державаға жаңа жалпыұлттық символ – Батыс пен Шығысты тоғыстыратын орын ретіндегі Қазақстанның жаңа қоғам құру рухын, жаңашылдығы мен рөлін сипаттайтын астана, ХХІ ғасыр қаласы қажет болды…

Қазақстанның бұрынғы астанасы – Алматы еліміздің шалғай жерінде, оңтүстігінде орналасты. Ал, оның тұрғындар саны миллионнан астам болды. Алматының тығыздалған құрылысы қаланың әрі қарай дамуына мүмкіндік келтірмеді. Жолдарда шамадан артық көліктердің болуы мен ерекше табиғи жағдайлар, дәлірек айтқанда – қаланың үш жақтан таулармен қаусырылуы нәтижесінде «оңтүстік астана» Қазақстанның ең экологиялық күрделі қалаларының біріне айналды.

Жалпы, әлемдік тәжірибеде мемлекеттің жаңа сапалы даму деңгейіне көшумен байланысты, ұлттық мемлекеттердің жаңа даму кезеңін бейнелейтін астананы көшіруге қатысты мысалдар аз емес. Ал, Қазақстан ТМД елдерінің ішінде мұндай жобаны жүзеге асыру қолынан келген жалғыз мемлекет болды. Астананы көтеру Қазақстан Республикасы мен оның азаматтарының экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани әлеуетін көрсеткен кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістіктегі орасан зор мегажобаға айналды.

Астананы көшірудің 10-жылдығына арналған салтанатты жиналыста Н.Ә. Назарбаев былай деп еске алды: «Өткен күнде белгі жоқ, ол кезде жағдай мүлде басқаша болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі реформаларды анықтау, оларды тиянақты түрде жүзеге асыру мәселелері, біріншіден, қапысыз біліктілікті, екіншіден, нартәуекелді қажет етті. Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген күннен бастап, Қазақстан үшін жаңа тарихтың басталғаны, ал ол ескі тарихтың сылбыр жалғасы бола алмайтыны белгілі еді. Батыл ой, батыл әрекет қажет болды. Міне, осы тұста өзімнің көкірегімде қайнап піскен осы идеяны, ешбір кедергіге қарамастан, кейбір үзеңгілес, тілектес жандардың да күдіктеріне қарамастан аяғына дейін қорғап шыққанымды сіздердің алдарыңызда бүгін мақтанышпен еске аламын» Шын мәнінде, тоқсаныншы жылдардың ортасында мұндай идеяның жүзеге асатынына сенгендер аз болды. Алайда бүгінгі күн Тұңғыш Президентіміздің болжағыштығы мен қырағылығы барлығын көрсетіп отыр. Бар-жоғы он сегіз жыл ішінде бой көтерген Астана Қазақстан Республикасының қарқынды дамуының, болашаққа деген ұмтылысының бейнесіне айналды.

Ел астанасын ауыстыру елдегі ұлттық қауіпсіздікті нығайтты және Астананың ғана емес, бүкіл Қазақстанның экономикалық дамуына қуатты серпін болды. Қала экономикасының даму қарқынының жоғарылығы инвесторларды көп тартуға әсер етті. Астана құрылысына жүздеген құрылыс компаниялары қатысты. Жергілікті фирмалармен қатар жаңа елорданы түрік, итальян, француз, швейцария компаниялары тұрғызды. Астананың сәулеткерлік тұжырымдамасын жасау барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың Елордада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрін үйлесімді тоғыстыратын ерекше еуропалық стиль қалыптастыру идеясы негізге алынды.

Бүгінгі күнгі Астана – механикалық құрылысымен емес, Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің мәдени дәстүрлерін жарасымды тоғыстырған үйлесімділікпен ерекшеленетін еуразиялық қала.
Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы Астананы экономикалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды. Бұл қаланың кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келе жатқан Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналуына мүмкіндік берді.

Бүгінде Астана – аймақтықтан халықаралыққа дейінгі түрлі деңгейдегі халықаралық маңызы бар форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Қазақстанның елордасы бірнеше рет барша әлемдік қоғамдастықтың басты назарында болды. Астана экономикалық форумының, Еуропа, Азия және Солтүстік Американың 56 елінің мемлекет және үкімет басшыларын жинаған Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы саммитінің, сонымен бірге басқа да халықаралық маңызы бар кездесулердің қатысушыларын қарсы алды.

Астана 1999 жылы шілдеде ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» деген сыйлығына ие болса, 2011 жылы «ТМД және ЕЭҚ үздік қаласы» атты халықаралық байқауының жеңімпазы атанды. Ал, 2012 жылы ТМД және түрік әлемінің мәдени астанасының борышын абыройлы атқарды.
Мұның бәрін неге айтып отырмын. Егер Қазақстан қауіпсіздігі осал, ішкі тұрақтылығы шайқалған, бірлігіне сызат түскен ел болса өзге мемлекеттер мұнда аяғын да аттап баспас еді. Елбасының астананы елдің ортасына, Сарыарқаның төсіне көшірудегі бірінші мақсаты да сол елдің қауіпсіздігі. Талай жаугершілік замандарды бастан кешірген қазақ хан ордасын осындай ішкері аймаққа орналастырған. Ондағы ой сыртқы жау ордаға бүлік салмасын дегендік. Астананың қауіпсіз, елдің ортасына орналасуының нәтижесінде жоғарыда айтылған мерейлі істер мен мерекелі сәттер елдің қуанышына айналуда…

Барлығы арманнан басталды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ешқандай кедергілер мен күдіктерге қарамастан, бұл арманын жүзеге асырды. Сол уақыттан бері 18 жыл бойы Қазақстанның халықаралық мәртебесі бас қаласы – Астананың даңқы арқылы да өсіп келеді. Бүгінде Астана – бұл Қазақстанның жаңа тарихы жинақталған орын.

Райымбек АЯШОВ. ҚР Парламенті Мәжілісінің ІІІ-шақырылымының депутаты. Сәтбев қаласының Құрметті азаматы.

Комментарии закрыты.