ЕЛТАҢБАДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ АРХИТЕКТУРАЛЫҚ НЫШАНДАР

Мемлекеттік Рәміздер белгілі бір мағына берерлік өзара үйлесімде орналастырылған жанды-жансыз заттардың бейнелерінен құрастырылады. Мұндай бейнелер үйлесімінен мемлекеттің, елдің арман-мұраты, өзін-өзі түйсінуі көрініс береді.

Елтаңбаның (герб) басты нышаны – рәміздің негізгі көркемдік-идеялық жүгін арқалап тұрған шаңырақ образы. Шеберлікпен шендестірілген түндік аспан күмбезіндегі асыл шырақ күн бейнесін көз алдымызға әкелсе, уықтар одан тарап жатқан алтын сәулелердей әсер қалдырады. Қисыны табылып, керегелердің көрінісі де берілген.

Қазақстандықтардың ортақ шаңырақтағы тату-тәтті тірлігі, ортақ Отан тағдырына деген жауапкершілік идеялары – шаңырақ образына қатысты туындайтын ойлар мен әсерлердің бір парасы. Табылған көркемдік шешім жарасымдылығымен әрі жаңашылдығымен назар аудартады.

Көшпелілер мәдениетінде шаңырақтың пайда болуы ата-бабаларымыздың қоршаған ортаны қабылдау ерекшеліктеріне және соған орай ойлау жүйесінде орныққан ұғымдармен тығыз байланысты. Ол сырттай аспан күмбезіне қалай ұқсаса, оның адамдардың ішкі жан-дүниесінде тіршіліктің аса маңызды заттық құралы ретінде сәулеленуі де сондай ақиқат.

Шаңырақ – отбасының, одан да асыра алғанда бүкіл адамзат ұясының нышаны. «Шаңырақ» ұғымының әлеуметтік мәні зор. Елтаңбадағы қасиетті қара шаңырақ бейнесі: «Асыл діңгек аман болсын. Алтын бесік мәңгілік тіршілік әлдиімен тербеле берсін. Ортақ шаңырақ – биік, ортақ босаға – берік болсын. Отанымызға талмай адал қызмет етуге жазсын», – деген өрелі ойларға жетелейді. Барлық ұлттар өкілдерінің жанына жақын образдық жүйе жалпы адамзаттық игіліктер аңсарына ұштасар ұлы ниеттерге бастайды.

Елтаңба композициясын құрап тұрған келесі деталь – ай мүйізді, алтын қанатты қос пырақ бейнесі. Мұның өзінің бірнеше пәлсапалық мәні бар. Әуелі пырақ жайлы айтайын.

Жылқы жануары батылдық, көрегендік пен айырықша ерік-жігер нышаны деп есептеледі. Ат – көшпелілердің өмірлік серігі. Мінген көлігі ғана емес. Ет пен қымыз – қазақ тағамының негізі, тері – киім, жал – музыка аспаптарының шегі. Жауынгерлік өнерде, дәстүрлі спорт түрлерінде, ұлттық ойындарда да сұлу да берік текті тұлпарлар кең пайдаланылады.

Екіншісі пырақтың қыран қанаты. Қанат – асқақ арман нышаны. Бұл жерде ол еңсесі биік, дәулеті тасыған тәуелсіз мемлекет құру жөніндегі ел мұратын еске салады. Қанатты тұлпарлар – елдің өсіп-өркендеуіне, дәулеті тасып дамуына қатысты табиғи тілектердің, сол сияқты қоғамдағы әртүрлі мүдделермен және ғаламдық өркениет үміттерімен үйлесім табуға деген ұмтылыс пен ізгі ниеттің де көрінісі. Биікке ұмтылу, дамудың төменгі сатысынан жоғарғысына дейін көтерілу – әлемдік өркениет мұраттарының бірі. Асқақтық, самғау, биік мақсаттарға жету деген үғымдар адам үшін де, қоғам үшін де қастерлі.

Қанат образының терең рәміздік мәнінің мемлекеттік елтаңбада жақсы жарасым табуы – жалпы мәдениет заңдылықтарының, оның ішінде нышандық емеуіріннің, типологиялық образ жасау мүмкіндіктерін пайдалану жемісі.

Үшіншісі, қос бірдей ай мүйізді әпсаналық арғымақтар киелі шаңырақты қос қапталынан орап, пәле-жаладан, қауіп-қатерден қызғыштай қорып тұрғандай әсер қалдырады. Ортақ үйіміз – қасиетті Отанымызға қалтқысыз қызмет ету идеясын білдіреді. Тәуелсіз елімізді көздің қарашығындай қастерлеп, сол жолда жан сала қызмет ету – қиялдағы қанатты пырақтар бейнесінің астарында жатқан басты лейтмотивтердің бірі.

Мемлекеттік елтаңбада бес бұрышты жұлдыз бар. Ол тәуелсіз мемлекетіміздің құшағы бес құрлыққа бірдей айқара ашық, әлемдік өркениет көшіне өз болмыс-бітімімізді сақтай отырып ілеспек ниетіміз бар деген ойға мегзейді.

Армия ЕСЕНОВ, қалалық мәдени-сауық орталығы жанындағы қолөнер үйірмесінің жетекшісі. Евразиялық дизайнерлер Одағының мүшесі.

Комментарии закрыты.