«Шын мұқтаждың жағдайы не болмақ?»

Бір кедейдің тұлпары болады. Оған бай: «Осы атыңды маған сат!» деп, қанша дүние, мал ұсынса да ол келіспейді. Атты ақшаға ала алмасын білген бай айлаға көшеді. Кедей жолаушылап келе жатқанда, қайыршы киімін киіп алып оның жолында отырады. Қасына жеткенде, кедей «қайыршыдан» жөн сұрайды. «Қайыршы» анау қырдың астындағы ауылға жете алмай отырғанын айтады.

Ойында ештеңе жоқ кедей: «Маған мінгесіңіз, жеткізіп тастайын» дегенде, бай: «шырағым, аттан түсіп мені мінгізіп жібермесең, міне алмаймын» дейді. Кедей атынан түсе салып, байды көтермелеп мінгізгенде, арам бай атқа қамшы басады. Мән-жайды түсінген кедей: «Байеке, тоқтаңыз айтатын бір сөзім бар» депті. Аттың басын іріккен бай: «Ал, бейбақ, айт!» дейді алаңғасарланып. «Осы оқиғаны ешкімге айтпай-ақ қойыңыз. Бар өтінішім — осы!» дейді кедей.

Бай: «Айтқанда түсіп қалатын беделің де жоқ қой, байғұс-ау?» дегенде, кедей: «Мәселе онда емес, менің қорқатыным — бұл оқиға елге тарап кетсе, соның салдарынан аты барлар жолда кездескен шын мұқтажды да мінгестірмей кетпей ме? Менің ойлағаным сол ғана, сол үшін ешкімге айтпағаныңызды сұрап тұрмын» депті.

Кедейдің көңілінің кеңдігіне, ниетінің түзулігіне тәнті болған бай аттан түсіп, егесіне қайтарып берген екен.

Әзірлеген Әлібек Әбідраш.

Комментарии закрыты.