«Барлығы тұрғындардың өз қолында»

20160916-02-3Қыс – қатал сыншы. Қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы осы сынға әзір ме? Өткен аптада қалалық мәслихат депутаттары қысқа дайындық жұмыстарымен танысу мақсатында рейдтік шара ұйымдастырып, ТКТ-лар мен ПИК-терді аралады. Қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук бастаған халық қалаулылары әуелі «Сәт Тазалық» ЖШС-не қарасты №1 тұрғын үй коммуналдық телімінің жұмыстарымен танысты. Депутаттар телімнің ағымдағы жылы атқарған істеріне, жергілікті учаскелік полициямен байланысына, аулалардағы көлік қоятын арнайы орындарға баса көңіл бөлді.

Телім басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Айғаринованың айтуынша, ТКТ қарамағында 196 үй бар екен. Көбісі ағаш үйлер.

– Елуінші жылдары салынған ағаш үйлердің тозығы жеткен. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Тұрғындармен шама-шарқымыз келгенше біріге жұмыс жасаудамыз. Тұрғын үйлерді жаңғырту ойымызда бар. Алайда, тұрғындар бұл істе енжарлық танытып отыр. Көпшілігінің мұндайға жағдайы келмейді. Телім қызметіне қарызы бар тұрғындар да кездеседі. Учаскелік полицилермен байланыс біраз жылдар үзіліп қалғаны шындық. Алайда, алдағы уақытта олармен қарым-қатынас нығая түсетін болады. Үйлердің дәліздеріндегі тазалық жұмыстары жиі жүргізіліп тұрады. Тұрғындардың бастамасымен кейбір үйлердің дәліздері әкеліп, сырланды. Барлығы да тұрғындардың өз қолында. Олар бастаушы болса, біз қоштаушы болуға әзірміз, – деді Айнагүл Айғаринова.

Рейдтік шара барысында кейбір үйлердің дәлізіндегі арнайы электр қалқанының (электро щит) ашық күйде тұрғаны анықталды. Депутаттар осы кемшіліктерді жоюды тапсырды.

Мұнан кейін бақылаушы топ «Көмек» ПИК-нде болып, атқарылып жатқан істерге қанықты.

ПИК басшысы Нұрлан Алшынбаеваның баяндауынша, оларда 16 көп қабатты үй бар. Қазіргі таңда қысқа дайындық жұмыстары толық аяқталған. «Көмектің» жұмысына тұрғындар да жылы қабақ танытты.

– Қарамағымыздағы үйлерде электр желілері толық қапталған. Дәліздерді уақытылы жинап, сыпырып тұрады. Тұрғындардың бастамасымен кейбір үйлердің дәліздері әктеліп, сырланған. Жертөлелеріміз таза әрі құрғақ,–деді кооператив басшысы.

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, ТКТ-лар мен ПИК-тер осыған дейін де қала әкімінің алдында атқарылған жұмыстары бойынша есеп берген болатын. Біз сол есептік жиындарда айтылған сындардан қандай қорытынды шығарылғанын білу мақсатында әрі халықтың депутаттарға жолдаған кейбір өтініштері негізінде рейдттік шараны ұйымдастыруды қолға алдық. Қазір ПИК-тер мен ТКТ-ларда алға қарай жылжу бар. Тек, тұрғындардың ынтасы болса шаруашылықта қордаланған түйткілді мәселелер оң шешімін табатынына сенім мол,–дейді қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук, жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.