«Малдың аузы – көкке, елдің аузы аққа жетті»

«Малдың аузы – көкке, елдің аузы аққа жетті» — дейді ауылшаруашылық бөлімінің бастығы Амантай Әбілқасымов.

Иә, шынымен де өткен сенбідегі кезекті жәрмеңке осыны көрсетті.

Фермерлер ет жағынан тарылғанымен, ақ жағынан жарылқап-ақ тастады.

Қымыз, сүт, айран, ірімшік, қаймақ молынан сатылды. Ұлытау, Есқұла, Жаңаарқадан келген сары қымыз бен сары майды халық тамсана ішіп, таласа алып жатты.

– Әр жәрмеңке сайын сүт өнімдері 50-60 теңгеге төмендеп келеді. Мысалы, ірімшікті келесі сенбіде 350 теңгеден саттырамыз, қолдың майы да 1500-ден басталып еді, бүгін 1100-1200-ге беріп жатыр. Әрине, ет қиындау болып тұр, қазір малдың төлдеп жатқан, арық кезі ғой, 2-3 аптадан соң-ақ қозылар келе бастайды, – дейді Амантай Рахымбекұлы.

Еттің сапасына елдің өкпелі екенін естіп те жүрміз. Кім бордақылап отырған малын жәрмеңкеге әкеп арзанға бергісі келеді дейсіз. Әйтеуір арық та болса зертханада тексерілген, ауру-сырқаудан аман малдың еті сатылатын шығар деп сенген халық алып жатыр.

Қалай дегенмен, ерінбей келіп жәрмеңкеден жасаған саудадан адамдар ұтпаса ұтылмасы анық. Бұл жолы картоп 80 теңге (дүкендерде 120), қырыққабат 80 (дүкенде 130-140) теңгеден сатылды. Айырмашылық 40-50 теңге! Осындай арзан бағамен өткізіліп келе жатқан жәрмеңкенің арқасында қала бойынша азық-түлік бағасының орта есеппен алғанда көш төмен екендігін де ойлап қойған жөн.
Сондықтан жәрмеңке өткізуге жауаптылар тарапынан баға мен сапа бірдей қадағаланады деп сенеміз.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.