Ғасыр дертімен бірге күресейік

ЖИТС (АИТВ)  терминінің  біздің  елде  тіркеле  бастағанына  30  жылдан  асты. «Жиырмасыншы  ғасырдың  обасы»  деген  атқа ие  болған ол  бүгінде адамзат  тарихында жойқын  зиянын  тигізетін  қасіреттің   біріне  айналып  отыр.

ЖИТС-тің бүгінгі таңда жазылмайтын қатерлі дерт екені барша жұртқа белгілі. Адамның иммун тапшылығын тудыратын вирус ағзаға түскеннен кейін онда мәңгі қалады. Бұл аурудан жазылған адам ресми түрде жер шарында әлі тіркелген жоқ.
Бұрын ЖИТС инфекциясы қауіпті осал топтар арасында орын алып келсе, енді бұл індетті әйел, бала, жасөспірім, ересектер де жұқтыруда. Әсіресе соңғы кезде жыныстық қатынаспен жұғу көбейіп, екіқабат әйелдер, балалар, жасөспірімдердің жұқтыруы алаңдатуда. Мәселен, жастар арасында облыс бойынша тіркелгендердің 49,1%, соның ішінде елу екісі 15 жасқа дейінгі балалар, ал, екі жүз жетпіс бірі – жасөспірім. Біздің аймақта 15-19 жастағылардың үлесі 5,3%.
2016 жылдың 7 айында Қарағанды облысында АИТВ-инфекциясын жұқтырған 1743 екіқабат әйел тіркеліп, олардың 431 босанып, 432 бала туылды. Екіқабат әйелдерге жүкті кезінде және босанарда сәбилерін АИТВ инфекциясын жұқтырудан сақтау үшін вирусқа қарсы дәрілермен алдын- ала емдеу шаралары жүргізіледі. Осы жүргізілген шаралардың арқасында, тек 14 жасқа дейінгі 31 балаға ғана АИТВ инфекциясы деген диагноз қойылды. Әсіресе, Теміртау, Қарағанды қалаларында АИТВ инфекциясының балалар арасындағы жағдайы көп тіркелген.
Еліміз АИТВ індетінің алдын алу саясатын қалыптастырып, ЖИТС індетінің жоғарғы сатыға ауысуына жол бермей, оның таралуын шоғырланған сатыда тұрақтандыру бойынша ауқымды шаралар атқарып келеді. Осы орайда, ел азаматтары өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, АИТВ жұқпасы туралы толық ақпараттанып, салауатты өмір салтын ұстанып, белсенділікті арттырған жөн. Біз бұл дерттен тек мемлекет пен оның азаматтарының бірігіп күресуі арқасында ғана сақтана аламыз.

А.Несіпбаев, Жезқазған қалалық ЖИТС-тің алдын алу және күресу бөлімінің эпидемиолог-дәрігері.

Комментарии закрыты.