Жағдайын жәрмеңкенің көріп қайтты

Қалалық қоғамдық Кеңес сенбі күндері өтетін жәрмеңкедегі бағаның тұрақтылығы мен сатушылардың халыққа қызмет көрсету деңгейін үнемі қадағалауда ұстап келеді. 

Кеңес мүшелері өткен аптадағы жәрмеңкеге де барып, біраз жайға қанықты.
Әсіресе, бау-бақша өнімдерінің кейбір түрлерінің бағасын мың құбылтып сататындар мен тұтынушыларға дөрекі қызмет көрсететіндер көзге түспей қалған жоқ. Көкөніс, жеміс-жидектер өзге қаладан тасымалданатындықтан болса керек, жәрмеңкеде тексеріске дейін бөлек баға, тексерістен кейін басқа баға болуы дағдыға айналған.
– Халыққа қолайлы бағада қызмет көрсетеді деп сенген жәрмеңкенің соңғы кезде мәні кетті. Бағаны мың құбылтып, ойларына келгенін істейді. Бағамен келіспесең өзіңе дүрсе қоя береді, – дейді тұтынушылар.
Шынында да, халықты көзбе-көз алдап, келісі 900 теңгеден сатылуы тиісті сарымсақты 1200-ден сатқандар кездесті. «Тауарын арзанға өткізуді жөн көрмейтіндерге неге рұқсат беріледі?» деп, жұртшылық шағымдарын білдіріп жатты.
Топ мүшелері ет және ет өнімдеріне берілген ветеринарлық анықтамаларды да тексерді. Ет, сүт өнімдерінде баға тұрақты.
Жәрмеңкеде анықталған кемшіліктер Кеңестің кезекті отырысында қаралатын болады.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.