Қоғамдық қабылдау жүргізді

Облыстық мәслихат депутаты Төреқожа Тілемісов өткен жұма күні «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалында қала тұрғындарын қабылдады.

Қабылдауға төрт азамат жеке сұрақтары бойынша жүгінді. Ирина Буракова баласына Қазақстан азаматтығын алуға көмек беруін сұрай келіпті. Оған ел азаматтығын алуға қатысты барлық шаралар көші-қон полициясы бөлімшесі арқылы жүргізілетіні түсіндіріліп, кеңес берілді.
Комаров көшесі, 9 үйдің тұрғыны Азамат Мақажанов жылу құбырларын жуу, шаю кезінде пәтеріндегі батарея қысымға шыдамай жарылып кеткендігін айтып шағымданды.
– Бізге «Сәт Тазалықтың» №2 тұрғын үй коммуналдық телімі қызмет көрсетеді. Үйлердегі құбырларды жуу, шаю жұмыстарының жүргізілетінін телім қызметкерлері хабарлаған жоқ. Құбырдың суы төменгі қабатқа дейін жетті. Көршілерім:«Шығын келтірдің, енді пәтерімізді жөндеп бер», деп отыр. Бұл жерде менің ешқандай кінәм жоқ. Осы жағдайдың ақ-қарасын анықтап, бір шешімін шығарсаңыздар, – деген Азаматтың өтініші қалалық әкімдіктің бақылауына алынды.
Қабылдауға келгендердің бірі – Эльмира Кәрімбаева тұрақты жұмысқа орналасуға көмек сұраса, зейнеткер Маргарита Лазерева бұрынғы «Валют – Транзит» банктен өзіне тиесілі қаржыны алып беруге қолқабыс етуін өтінді.
Төреқожа Тілемісов жеке қабылдауда көтерілген мәселелер мен сұрақтар өз бақылауында болатынын жеткізді.

Комментарии закрыты.