АЖАРЛЫ «АННЕНСК»

20160930-04-3Оны кеншілер қауымы «Арқаның алқасы» деп әлдеқашан әспеттеп келеді. Бұлай бағалаудың басты белгісі — сыртқы кескін-келбетіне қатысты. Себебі, сәулеттік сипатына қарасақ, оның тұрпаты осы өңірдегі көзіміз үйренген басқа тектес кәсіпорынға таза ұқсамайды. Тіпті, талай елдің дәмін татқандардың өзі «мұндай жобаны әлемнен кездестіру қиын» дегенді айтады.

Әкімшілік-тұрмыстық корпусын сырт көз өнер отауының ғимараты деп ойлап қалуы да ғажап емес. Оған өзіндік үйлесіммен қабысқан қос коперді қосыңыз. Қысқасы, көрген көзді қызықтыратын көрініс. Мәскеулік архитекторлардың қиялынан туған бұл жоба Францияда өткен әлемдік байқауда екінші орынды, ал Канадада алтын медальді тегін иеленбесе керек.

Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай тұсауы кесілген керемет кәсіпорынды — «Тәуелсіздіктің тумасы» десек те артық емес. Анненск пайдалануға берілгеннен кейін алғашқы құрметті қонағы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шахта шыңырауына түсіп, технологиясымен танысқан соң еліміздегі кен өндіру өнеркәсібінің болашағы Анненск сияқты алыптар екендігін қадап айтып, оны «жаңа ғасырдың кәсіпорны» деп, жоғары бағалады.

Егер оның өткеніне үңілсек, Анненскінің «толғағы» қатты болғанын көреміз. Кеңес одағы кезінде басталған құрылысы жиырма жылдай «жырға» айналып, ақыры тоқсаныншы жылдардың тоқырауына келіп киліккен. Сексенінші жылдардың екінші жартысында «қайта құрыламыз» деп сеңдей соғылысып жүргенде, өткен ғасырдың соңғы онжылдығының басында Одақты ыдыратып тындық.
Жабдықтаушы зауыттармен арадағы байланыс босаңсып кетті. Оның үстіне қаржыландырудың қиюы қашты. Қуаты кеткен комбинат оны қатарға қосудан күдерін үзген кезде келген шетелдік инвестор қаражат пен күшті шоғырландырып, кетеуі кеткен шаруаның бетін бері қаратты. Оның пайдалануға берілуі үзіле бастаған үміттің шоғын үрлеп, келер күнге деген сенімді нығайтты.

Алғашқыда Анненск Шығыс Жезқазған кенішінің құрамында болды. Кейінірек оған «шығыстықтардан» тиісті мөлшерде техника мен адам күші бөлініп, жеке шаңырақ көтерді. Кейінгі кездегі оңтайландыру барысында қайтадан «Шығыс» шахталарының қатарына қосылды.
Одан небір танымал шетелдік фирмалардың жетілдірілген техникасын кездестіресіз. Шахтада шпурлар «Параматик» кешенімен бұрғыланады. Қуатты «Катерпиллар» кен тиесе, төзімді «ТОРО» тасымалдайды. Проходкалау жұмыстарын жүргізуге алымды «Аксера» мен қарымды «Миниматик» жабдықтары қойылған. Забой төбесі «Роболтпен бекітіледі.

Анненск — аймақтағы ең терең шахта. Шыңыраудың түбі шамамен жеті жүз метрден асып жығылады. Кен қатпарларының орналасуы күрделі. Әдетте, Жезқазған аймағындағы көлбей жатқан кен қабаттары онша ойыс болмаса, ал Анненскінің жаратылысы айрықша. Оны өндіруге қалыптасқан технологияны қолдану қолайсыз, әрі онша тиімді емес. Сондықтан, Анненскідегі кен қатпарының орналасу ерекшелігіне қарай оны өндірудің арнайы жүйесі жасалған.

Сыртқы сипаты соны кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі — шахта құрылысының тарихында тұңғыш рет оқпандарды проходкалау мен коперларды монтаждау қатар жүргізілді. Ал, скиптердің жұмыс процесі таразы тәріздес қозғалысқа негізделген: бір басында кен тиеліп жатса, келесі басында түсіріліп жатады. Кенді көтерудің өнімділігін арттыратын мұндай жұмыс принципі басқаларда кездеспейді.
Скип оқпанының өнімділік қуаты сағатына 750 тонна кен көтеруге жетеді. Бастапқы кезеңде ол жылына 2 миллион тонна кен өндірсе, жобалық қуатына санаулы жылда жедел жетті. Дәлірек айтсақ, 2000 жылдың өндірістік тапсырмасын негізгі көрсеткіштер бойынша мерзімінен бұрын орындап, жаңа ғасырдың табалдырығын бес миллион тонналық межемен аттады.

Мұндай көрсеткіш кеншілерді қуанышқа кенелтті. Мұның астарында ұйымшылдығы жарасқан ұжым мүшелерінің моншақтата төккен маңдай тері мен бірегей біліктілігі жатыр еді. Кеншілер «Арқаның алқасы» атанған келбеті келісті шахтада жұмыс істейтінін мақтаныш етеді, мәртебе санайды.

Жиырма жылға жетер-жетпес тарихында Анненскіден небір білікті басшылар өсіп шықты. Оған әр жылдары басшылық жасаған өндіріс командирлері бүгінде корпорацияның іргелі буындарында жемісті қызмет атқарып жүр.

Шахтаның бүгінгі басшысы Жасұлан Байниязов та кездейсоқ келген адам емес. Кеншіліктің қыр-сырын терең меңгерген. Қатардағы қарапайым қызметтен өскен. Қазір алты жүзден астам адам еңбек ететін ұжымды басқарады. Он екі учаскенің жұмысын ойдағыдай үйлестіріп отырады. Кеншілер қауымының абыройын асқақтатқан азамат алдағы күнге селкеусіз сеніммен қарайды.
Биыл бірінші жартыжылдықтағы еңбек бәсекесінде ол басқаратын ұжым бірінші орыннан көрініп, «Үздік шахта» атанды. Ал, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбек қорғау жағынан екінші орынды еншіледі. Жыл мәресі жақындаған сайын кеншілер қауымы еңбек қарқынын еселей түсуде.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.