Бала жанының бағбаны

20160930-04-2Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол – Ұстаз! Халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген екен.

Ұзақ жылдар бойы ұстаздық жолда өзінің айшықты еңбегімен дараланған С.Сейфуллин атындағы гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Үрләш Нұғманова жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады.

Алғаш «Әліппенің” бетін ашып, әріп танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алады ғой. Жүрегі аузына тығылып, мектеп табалдырығын қорқа аттаған әр бүлдіршіннің басынан сипап, қолынан жетектеп, жүрегіне жол таба білетін Үрләш Өтеуқызы ұстаздықтың алтын мінберінде 36 жыл еңбек жолын атқарып келеді. Әр шәкіртін өз баласынан кем көрмейтін ұстаздың бала жанының бағбаны, екінші анасы, бүгінгі заман психологі десек артық айтқандық емес.

Қаншама бүлдіршінді білім айдынына еркін жүздіріп, самғау биігіне көтерген оның қайсар да ақжарқын мінезі, қызметіне деген адалдығы жас мамандар мен әріптестері үшін үлгі боларлық. Әр баланың ата-анасымен тез тіл табысып, кез келген сәтте көмек қолын соза білетін қамқор ұстаз туралы ата-аналардың да алғысы шексіз.

Сымбат Мұқанова, ата-ана: «Ұстазды ақылдылықты, ізгілікті адам жанына нәр себуші адам деп таныса, сондай ұстаз атына лайық жан Үрләш Өтеуқызы деп айта аламын. Менің С.Сейфуллин атындағы гимназияға тұңғышым бірінші сыныпқа келгенде ең алғашқы ұстазы Үрләш Өтеуқызы болған. Бүгінде Үрләш Өтеуқызы ұлымның екінші анасындай. Тыңнан бір ой туындаса, баламен де, ата-анамен де ақылдасып, жүректерге жол таба біліп, қиын істі де оп-оңай шеше қояды. Ұстазға баланың бала көңіліне қаяу түсірмей, жұмсақ мінезбен талап қоя білетіні үшін, кәсіби шеберлігі үшін, балалардың қабілетін тани білгені үшін  зор алғысымды білдіргім келеді…»

Ұлағатты ұстаз жайында шәкірттері де жылы лебізін арнаған болатын. Соның бірі 9-сынып оқушысы Еркеайым Әубәкір: «…Кез келген балаға алғаш қалам ұстатып, әріп танытқан ұстазы жақын болады. Үрләш Өтеуқызының айтқан әрбір сөзі, ақылы әлі есімде. Ұстаздардың дарасы, данасы. Сабақты өте жақсы түсіндіріп, әрқайсымызға мейіріммен қарайтын. Өз баласындай жақсы көріп, жан дүниемізге терең үңілетін. Ол кісінің адамгершілік қасиеті мейірім төгіліп тұратын көзінен сезілетін. Рахмет сізге, Ұлы ұстаз, мейірімді жүзіңіз үшін, аялы алақаныңыз үшін, таусылмас өнегеңіз үшін!»

Гимназия ұжымы ұлағатты ұстазға мықты денсаулық, қажырлы қайрат, толағай табыс, отбасының амандығын, еңбек еткен ұстаздық жылдарының жемісін көре беруін шын жүректен тілейміз.
Гүлнұр Сырлыбаева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Комментарии закрыты.